«Алмас қылыш» фильмінің режиссері халықтың ойын білу үшін кинотеатрларды «жасырын» аралап жүр

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің режиссері Рүстем Әбдіраш халықтың ішінде отырып, көрерменнің ой-пікірін білу мақсатында Алматыдағы кинотеатрлардың біріне барып, кинопрокаттың қазақ тілді нұсқасын тамашалады.

«Кеше билет алып, кинотеатрга әдейі бардық. Түнгі сағат 22:30-да қазақша сеанс бар екен. Барсақ, залдың 80 пайызы толып отыр. Сондықтан қазақ тілді сеансқа адам аз келеді деп айта алмаймын. Осыған байланысты прокатпен айналысатын компаниялармен келіссөз жүргізіп, халықтың өтініші бойынша, кешкі уақытта фильмнің қазақша және орысша нұсқаларын қатар қоюға өтініш жасап отырмыз. Қазір ақырындап қойғызып жатырмыз. Әйтпесе, бұрынғы әдетпен орысшасын ыңғайлы уақытқа қойып отырады. Мен өзім, әдейі, халықпен бірге барып көрдім. Көрермен күлетін жерде күлді, сезімге ерік беріп, көзіне жас алғандар да болды. Енді, ол жерде арнайы презентация емес қой, кәдімгідей кинотеатрдағы көрсетілім. Менің отырғанымды ешкім білмеді. Соның өзінде фильмнің соңында халық түрегеліп, қол шапалақтады, қошемет көрсетті. Соған мәз болып қалдық. Фильм халықтың көңілінен шығып жатқан сияқты», - деді Р.Әбдіраш «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында.

Бүгін режиссер орыс тілді сеанстарды аралап шықпақшы.

Айта кетейік, кеше «Қазақ хандығы.Алмас қылыш» фильмі прокатқа шықты.

"ҚазАқпарат" ХАА тілшісі тарихи туындыны кинотеатрдан бірінші болып тамашалаған көрермендердің пікірін жазып алған болатын.

Ал Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кадрдың сыртында қалған жәйттер - Елбасының сценарийді қалай түзеткенін, түсіру тобына қандай талап қойылғанын айтып, фильмнің негізгі идеясымен бөлісті. Сондай-ақ министр соңғы уақытта кино саласында болған дау-дамайлардың негізгі себебіне де тоқталған-ды.

Соңғы жаңалықтар