«Алманың отаны»: шетелдік танымал блогерлер Алматы туралы бейнеролик түсірді

None
Видеодан алынған кадр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Араб-израильдік танымал блогер Нусейр Ясиннің командасы Алматыға келіп, қаланың символы – алма туралы бейнеролик түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видео түрлі платформаларда, оның ішінде YouTube, Instagram, Tik Tok желілерінде жарияланды. Жобаның жалпы аудиториясы 60 миллионнан астам пайдаланушыны құрайды.

Қазақстанның ең ірі қаласы туралы бейнеролик блогердің Instagram парақшасында қазірдің өзінде 1 млн-нан астам қаралым жинады.
«Сіз әлемдегі барлық алманың бір елден таралғанын білесіз бе? Сіз оны ешқашан таппайсыз, себебі, мен алмалар еліндемін. Қазақстанға қош келдіңіз! Бұл Орталық Азиядағы ел, бұл жерде мен қайда қарасам да, барлық жерде алманы көремін. Алманың суреттері, алманың ескерткіштері, алманың суреті бар терезелер, алма десерттері, тіпті алманың атымен аталған қала бар. Бұл Алматы қаласы, ол алманың отаны болып табылады», - деді команда мүшелерінің бірі видеода.
News Daily арнасы түрлі елдердің мәдени ерекшеліктерін және бүкіл әлем бойынша туристердің болуы тиіс бірегей орындарды көрсететін бейнероликтерімен танымал.
Алматы әкімдігі хабарлағандай, мегаполис туралы бейнеролик қаланың туризм басқармасы мен Visit Almaty туристік ақпараттық орталығының қолдауымен түсірілді. Nas Daily командасы жиыны бес бейнеролик түсірді, оның төрті Алматыда, бірі Астанада түсірілді. Олар жалпы Алматы мен Қазақстанның мәдениеті, тарихы және басқа да ерекшеліктеріне арналған
«Команда мүшелері Қазақстанға келген сапарларының оң әсерімен бөлісті. Мұнда тәтті тағамдардың көптігін, ұлттық дәстүрге бай екенін, қонақжайлылығы мен табиғатының сұлулығын атап өтті. Туристерге Алматыға міндетті түрде келуге кеңес берді», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінде.
Соңғы жаңалықтар