Алмағамбет көлінен 507 келі өлі балық жиналды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Алмағамбет көлінен 507 келі өлі балық жиналды. Бұл туралы Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Жайық өзеніне су келіп, деңгейі көтеріліп жатыр. Мәселен, 24 сәуірде өзен сағаларына су шыға бастады. Ал, 26 сәуірде Атырау қаласының маңындағы Безымянный көлінде балықтың қырылу дерегі анықталды. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктен арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізілді. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы органның өкілдері, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары енді. Аталған су айдынынан 65 келі өлі балық жиналды. Балықтың қырылу дерегі Махамбет ауданындағы Алмағамбет көлінде де тіркелді. Бұл көлден 507 келі өлі балық жиналып алынды», - деді Аян Бахиянов.

Оның айтуынша, Индер ауданында Жайық өзеніне таяу орналасқан 22 көл бар. Оның төртеуіне су келген. Ал, Махамбет ауданындағы 18 көлдің алтауында су пайда болды.

«Балықтың қырылуының басты себебі - Жайық өзенінің сағасына шығып, су айдынына қайта орала алмауынан болып отыр. Өйткені, сағаларға су тез келген. Балықтар сумен бірге шыққан. Су кері қайтқанда, оттегі де азайған. Бұл балықтың қырылуына себеп болған», - деді Аян Бахиянов.

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, Махамбет ауданындағы Алмағамбет көлінде 10 жылдан бері су болмаған.

«Бұл көлде жыңғылдың өсуіне себеп болды. Биыл көлге су келді. Көлге сумен бірге келген балық жыңғылдың арасында қалып қойған», - деді Артур Сәдібекұлы.

Қазір Алмағамбет көлінде балықтарды құтқару жұмысы жалғасып жатыр. Оған Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан 40 инспектор, Алға ауылдық округінен 8 адам тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау қаласының маңында балықтың қырылу себебі айтылып, кейін Алмағамбет көлінде балықтың неден қырылғаны белгілі болғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар