Алма мен қызғалдақ табиғаттың адамзатқа берген сыйы - Тәттігүл Қартаева

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алма мен қызғалдақ табиғаттың адамзатқа берген сыйы. Мұндай пікірді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева білдірді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Қазақстан  алма мен қызғалдақтың отаны» атты бағдар «адам мен табиғат» категориясындағы ерекше таным. Алма - таулы, сулы жердің, қызғалдақ - қырдың, көктеудің, маусымдық қоныстың сәні болды. Екеуі де көктемде гүлдеп, қазақ даласын әсем бір күйге бөлейді. Тау тағылары тауешкі, бұғы, арқарлардың жабайы алмадан қорек тапса, халқымыз өзінің халықтық білімінде оның емдік қасиетін танып, түрлі ем-домдарға қолдана білді. Байырғы қазақтар жабайы алманың дәнегімен жүрек, қан тамырлары ауруларын, иод жетіспеушілікті емдеген. Тау етегін жайлаған ауыл балаларының жабайы алма теруі, балалық шағының ажырамас бөлігі болды.

Қызғалдақ көктемгі жайылымның сәні болды, осыған орай «қызғалдақ жемеген қозы арманда, қыз құшпаған жігіт арманда» деген мақал қалыптасты. Қызғалдық гүлі кілемдей жапқан қырда жайылған қойдың сүті қою, биенің сүті құнарлы болады. Қызғалдаққа жайылған мал сүтінен шайқалған май қызғылт сары болып түсетіні баршамызға белгілі. Дәстүрлі қазақ ортасында көктемде қызғалдақ гүлдеген соң шайқалған май қойылған дастарханға ауыл әйелдерінің жиналып, шүйіркелесіп шәй ішетін «қызғалдақ май» деп аталатын көне дәстүрі болған. Ғұрыптық мәні бар бұл дастарханның басты атрибуты қызғалдақты далада жайылған мал сүтінен шайқалған май еді. Бұл дәстүр бүгінде көшпелі тұрмыстық тарих сахнасынан кетуіне орай жойылып кеткенімен, тарихи санамызда қалды. Дәстүрлі түсінікте қызғалдақ әсемдік пен шаттықтың нышаны деп саналды», - дейді профессор.

Т.Қартаеваның айтуынша, қазақ халқы көктемде туылған қызына «Қызғалдақ», «Қырмызы», «Сарғалдақ» деп ат қойды, дәстүрлі қолөнер бұйымдарына нәбәтат, көгеріс өрнегі тобына жататын «қызғалдақгүл» оюын салуды жиі қолданды. «Қызғалдақгүл» оюы кестеленген түскесте, тұскиіз, шымылдық, киім-кешек, атжабу, түйежабу, ботажабу, дастархан, тоқып салынған кілемдер, оймыштап салған ыдыстарды музей қорынан көруімізге болады. Қызғалдақ гүл кестелі орамалдың, қосетек көйлек етегінің сәні болған.

null Атжабу фрагменті

«Зергерлік бұйымдардан қызғалдақгүл оюын қос білезік, сағат білезік, қапсырмалардан көруімізге болады. Зергерлік өнерде бұл ою қарала немесе капказ бояумен түсірілген.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы қақпа есігі мен ішкі қақпа есігінде қызғалдақгүл оюы оймышталған, сыртқы қабырғасындағы қыш майоликаларды қызғалдақ гүл эмальмен сырланып берілген.

Неміс зерттеушісі Рихард Карутц 1909 жылы Маңғыстау жеріне үшінші рет келгенінде жергілікті қазақтардан қызғалдақгүл оюы салынған атжабудың, ертоқымның сызбасын сызып алып, «Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке» атты кітабында жариялаған (Санкт -Петербург, 1911).

Күллі өсімдік әлемі үғымының қазақ тіліндегі байырғы атауы - нәбәтат. Әйгілі Қашаған жырау:

Он сегіз мың ғалам болғанда,

Үш бөлім болып тараған,

Алтауы болар жәмәдат,

Алтауы болар нәбәтат,

Алтауы болар айуанат, - деп әлемдегі күллі тіршілік атаулының халықтың діни түсінігіндегі ұғымын жырға қосқан. Діни дүниетанымда жәмәдат - адамзат, нәбәтат - өсімдіктер дүниесі, айуанат - жан-жануарлар әлемі болып, он сегіз мың ғаламды құрайды. Қазақ халқының күнделікті тыныс тіршілігін, қоршаған ортасын бейнелеуі ою-өрнектен көрініс тапқан. Ұлы Дала өркениетінің туындысы аң стилі мен зооморфты оюлар  жануарлар әлемімен, ал көгеріс оюлар өсімдік әлемімен байланыстан туындаған. Көгеріс оюлардың негізінде өркендеу идеясы жатыр, қыр гүлдерінің сабағы, жапырағымен бірге салынуы, мәңгі тіршілікті, өмірдің жалғасын меңзеген. «Гүлдей көкте, жапырақтай жайна» - деген ежелгі наным-сеніммен байланысты қалыптасқан», - деп атап өтті ол.

 

nullҚызғалдақ оюлы қос білезік. 19 ғ. соңы. Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі.

null Қызғалдақ оюлы сағат білезік. 19 ғ. соңы. Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі.

«Алма мен қызғалдақ  адамзатқа табиғаттың берген сыйы. Халқымыз олардың үлбіреген гүлдерінің әдемілігін адам сұлулығын теңеуге қолданып, «алма жүзді», «алмадай», «алма бет», «алма мойын», «қызғалдақтай», «қыр гүліндей» деп бейнелі сөзге арқау етті. 

«Екі алма кеудесінде қисаймайды...

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды» (Абай, Қалың елім);

 

«Әл қуатың кеткенде алма бетте суалады» (М.Әуезов, Абай жолы);

 

«Ас бола ма сасық сорпа, қара нан?,

Алма бетте қалмайды ғой тамшы қан» (М.Жұмабаев, Шығармалар жинағы);

 

«...Деп сыбырлап алма ерін үлбіреп,

Бота көзде ыстық жасы мөлдіреп» (М.Жұмабаев, Шығармалар жинағы);

 

«Алма мойын сам үйрек.

Ана Еділден көксіген.

Көлді тастап қырға ұшса,

О дағы бір тарланға жолығар!» (Шалкиіз Тіленшіұлы, Алдаспан);

 

«Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян,

Сипаты жаннан асқан ол бір серім! (Қозы Көрпеш);

 

«Қатарланған қара нар

Арқанын қиып алған күн,

Алма мойын аруды ат көтіне салған күн» (Махамбет Өтемісұлы, Өлеңдер);

 

«Піскен алма сағақты!

Екі көзіңе болайын,

Қорықтан жаққан шырақтай!» (Ер Тарғын);

 

«Орнынан үшеуі де атып тұрды,

Тақпыз деп қызметіңе қандай түрлі.

Қызарып қуанғаннан пісіп тұрған,

Түрлері тап алмадай болды нұрлы» (Т. Ізтілеуов, Рүстем);

 

«Жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас.

Он алты, он жетіге жеткенде жас.

Жәннаттың пісіп тұрған алмасындай.

Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас» (М.Дулатов, Шығармалары);

 

 «Ұшады көл жағалай көк көбелек,

Алмадай екі бетің дөп дөңгелек,

Шын болса әлгі айтқаның сәулетайым,

Қыз қырқын сенен басқа неге керек» (Жоқтау, Қара өлең);

 

«Ер жігіт тұлпардың тұяғымен, сұңқардың қияғымен, сылбыр қаққан сұлудың бойымен, алма мойын сұлудың қойнымен жұбанады» (Қазақтың нақыл сөзі).

 

«Жаңа ғана қоңырайып жатқан күңгірт дала кенет сарғалдақ, қызғалдақ гүлге толып, құлпырып кеткендей болды» (Ә.Кекілбаев, Дала);

 

«Жайқалып желкілдеді, құлпыра гүл шашты. Бөктер қызғалдақ атып, гүл шашып, көк майса шөбі иін тіресіп міне тұр» (М.Әуезов, Шығармалар);

 

«Қыз байғұс ел жұртына келген қонақ.

Қызғалдақтай ғұмыры шолақ...» (М.Дулатов, Шығармалар).


Халқымыз алманың піскен кезіндегі көз тартар, тіл үйірер келбетін осындай теңеулермен жеткізді.

«Қызғалдақ пен дала», «Қыз бен қызғалдақ» егіз ұғымдай, сұлу қыздың келбеті мен қызғалдақ жапқан дала келбетін бір-бірінен ажыратып қарау мүмкін емес», - деп түйіндеді ойын профессор.

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар