Алма ағашы ма, алмаағаш па – Латын қарпінде қалай жазамыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова «алмаағаш» сөзінің жазылуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Латын әліпбиіне көш басталғалы жұртымызды жиыстырып, түгендеп қоямыз. Сонда көптің сұрайтыны: алмаағаш неге бірігіп кеткен? Енді біліппіз. Ал бұл орфограмма 2005 жылғы емле сөздігінде заңдастырылған. 13-14 жыл бойы емле сөздігінен ауытқып жазып жүрген екенбіз. Енді жаңа жазуда қалай жазамыз», - дейді филолог.

Қазақ тілінде ағаш сөзі екі мағынада қолданылады, бірі – «бұта, тал сияқты биік өсетін көпжылдық өсімдіктің жалпы атауы» болса, бірі – «Осы ағаштан алған тұрмысқа қажетті кесінділер».

«Бұрынғы қазақ тілінде кесінді түріндегі ағаш сөзімен тіркесетін біршама тұрмыстық атаулар болған. Олардың көбі бүгінде пайдаланылмағасын ұмытыла бастады. Мысалы, арбағаш, белағаш, жерағаш (ертедегі ағаш соқа), жүкағаш (жүк қоятын төрт аяқты бұйым), қолағаш (ағаш балға сияқты), құсағаш (құстың тұғыры), мамаағаш (ат байлайтын ағаш), тісағаш (диқандардың құралы, бір жағы имек ағаш), мойынағаш, иінағаш, азуағаш (арбаның тісағашы) арысағаш сияқты қазіргі қазақ өмірінде қолданыстан қалған, сондықтан атауы да жиі айтылмайтын және жазылмайтын сөздердің емлесін былайғы жұрт білмейді де және қалай жазылатынына мән де бермейді. Тіпті көнерген сөздер қатарына өте бастады деуге болады. Дегенмен көркем әдебиеттерде кездесіп жатса, мазмұндама, диктант жазғанда бұл сөздердің де бірге жазылатынын білген жөн. Оның басты себебі ағаш сөзінің дерексіз мағынаға көшуінде және «Қандай ағаш?» деген сұраққа емес, «Не?» деген сұраққа жауап беретінінде», - деп толықтырды Қ. Күдеринова.

Ал өсімдіктің атауы ретіндегі ағаш сөзі күрделі сөздің құрамында кездессе, екі түрлі жазылады. Бірінде мысалы, әулиеағаш, астықағаш, балауызағаш, барқытағаш, қараағаш, қызылағаш, маржанағаш, рауғаш, сарыағаш сөздерінде бірге жазылады.

«Мұнда ағаш сөзі атаудың бір сыңары ретінде жұмсалады. Ағаш сыңарынсыз, мысалы, әулие, астық деген сөздер басқа мағынаны берер еді. Ағаш сөзімен біріккенде ғана сол өсімдіктің атауы болады. Атап айтқанда, астықағаш – тұт ағашы тұқымдасына жататын, гүлдерi бiрүйлi, жемiстерi iрi болатын сүректi өсiмдiк, балауызағаш – кендірлер тұқымдасыың хойя тегіне жататын шырмалғыш өсімдік, суккулентті мәңгі жасыл бұта түрі, барқытағаш – рута тұқымдасының барқыттар сабына жататын ағаш, жұпарағаш – мyristicaceae тұқымдасының дара жынысты, қос үйлі мәңгі жасыл ағаштар туысы және т.б. Мұндағы ағаш сөзі деректі мағынасынан гөрі, дерексіз мағынада көбірек жұмсалып тұр. Және астық, балауыз, сары, барқыт сөздері қандай ағаш деген сұрауға да жауап бермейді. Сондықтан бірге жазылады», - дейді маман.

Ал ағаш сөзі «биік өсетін, діңі жуан, қатты, жапырақтары көп көпжылдық өсімдік» тура мағынасында тұрып, алдыңғы сыңары оның түрін айырып көрсетсе және меншіктік қатынаста, тәуелдіктің ІІІ жағында қолданылса, бөлек жазылады. Мысалы, өрік ағашы, жиде ағашы, алма ағашы, алмұрт ағашы, емен ағашы.

« 2005 жылғы Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде бұл тіркестер ықшамдалып, алмаағаш, жидеағаш, алмұртағаш деген сияқты тұрпат алып, бірге жазылған еді. Мұны енгізген профессор Нұргелді Уәли: « Алмағаш дегендегі екі лексема ( алма жəне ағаш ) мазмұн жағынан бір денотатты нұсқап, форма жағынан бір екпінмен айтылып тұр. Мазмұн жағынан екі лексемаға ортақ, ал форма жағынан бір екпінге байланған күрделі таңбалар біріккен сөз деп танылады. Осылайша біріккен сөзді форма мен мазмұнның бірлігі ретінде қараймыз» деді. Бірақ жазу тәжірибесінде бұл сөздер бұрынғыдай бөлек, тәуелдік жалғауымен жазыла берді. Мысалы, «Ақпанның соңында келген көршілер үй құрылысын бастаймыз деп трактормен жердің топырағын сүргізіп, үйгізгенде бір түп өрік ағашын тамырымен қопара құлатып кетті» (Г.Әмірбекова «Өмірге құштар өрік ағашы») , « Бала күнімде әкем үйдің алдындағы алаңқайға бір түп жиде ағашын, сосын үй артындағы бос жерге тағы бір түп жиде ағашын отырғызды» (А.Матай «Екі түп жиде ағашы»)», - дейді Қ. Күдеринова.

Көпшіліктен алынған сауалнама нәтижесі де бұл сөздердің жазарманның санасында әлі де бөлек таңбаланатынын көрсетті.

«Оның бір себебі: «мына арада 2-3 түп алма ағашы бар» деп те, «2-3 түп алма бар» деп те айта беретінімізде сияқты. Яғни қазақ тілінде екі сөзден тұратын күрделі атау соңғы сыңарынсыз қолданыла беретін болса, соңғы сыңары кей қолданыста түсіріліп, кей контексте түсірілмесе, ондай сөздер бөлек жазылатын заңдылық бар. Мысалы, «Алма ағашының өмір сүру ұзақтығы 20-100 жыл болады» деген сөйлемді ағаш сыңарынсыз айтсақ, басқа мағына алып кетер еді. «Алмұрт ағашы Шығыс Еуропа мен Батыс Азияда кең таралған» дегенде әңгіме алмұрт жемісі туралы емес, ағашы туралы екені белгілі болып тұр. Ал емен ағашын көпшілік емен деп қана атайды, еменнің жемісі жоқ, жаңғағы бар. Емен ағашы деген атау аударылған ғылыми әдебиеттерде, оқулықтарда кеңінен қолданылып кеткен. Мысалы: «Емен ағашы – Quercus тұқымдасына жататын 600-ден астам түрі бар ағаш немесе бұта». Шындығында, қазақы сөзжасамға сай, емен қалпында ықшам аталса болар еді. Сондықтан бірге жазылмайды. Екпе ағаштар сөзі де бөлек жазылады», - деп түсіндірді филолог.

Еске салсақ, 2023 жылы 1 сыныптарға латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі енгізіледі. Биыл 28 қаңтарда латын графикасындағы жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиі жарияланды.


Соңғы жаңалықтар