Аллергияны емдемесе демікпеге ұласады - маман

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Табиғат оянып, айнала жасыл желекке бөленіп жатқанда маусымдық аллергия кей адамдарды әуре-сарсаңға салады. СҚО ауруханасының пульманолог-дәрігері Вера Поплавская маусымдық аллергия-поллиноз жайында, дертпен күресу жолдары туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Түшкіру, көзден парлап жас ағу, көз бен мұрынның қышуы, бұл - аллергия белгілерінің бір парасы ғана.

Мамандар аллергияны «иммундық дерт» дейді. Маусымдық аллергияның негізгі қоздырғышы - гүл тозаңы. Бүгінгі таңда аллергия тудыратын жүзден астам өсімдік белгілі. Соның ең негізгісі - қайың ағашы екен.

Аллергия - ағзаның кейбір заттарға аса сезімталдығы. Бүгінде ол кең тараған дерттердің біріне айналып отыр. Аллергия кейбір тамаққа, дәрі-дәрмекке, қолданатын химиялық заттар мен косметикаға, тағы басқаларына болуы мүмкін. Маусымдық аллергия сәуір-мамыр айларында ағаштар гүлдегенде, маусым-шілдеде - дәнді дақылдар және тамыз-қыркүйекте арам шөптер гүл шашқанда басталады екен.

«Ақ қайыңдар» өлкесі атанған Солтүстік Қазақстан облысынан аллергиясы бар кей адамдар көктем уақытында уақытша қоныс аударғаны дұрыс. Өйткені қайың - ең негізгі аллерген саналады. Бұдан басқа орманжаңғақ, үйеңкі, тіпті, алма ағашы мен шиенің гүлі де аллергия тудырады. Ал көпшілік негізгі қоздырғыш деп есептейтін терек ұлпасының поллинозға еш қатысы жоқ. Ол тек басқа өсімдіктердің тозаңын тасымалдаушы ғана қызметін атқарады», - дейді Вера Поплавская.

Аллергиясы бар адамдардың тыныс алу жолдары қабынғандықтан түн ұйқысы бұзылады. Жөтел, түшкіру, көзден, мұрыннан су ағу, тамағы мен мұрны жыбырлап тез шаршайтын болады. Белгілері тұмауға ұқсас болғанымен, суық тиюден бірнеше айырмашылығы бар.

«Аллергияда ешқашан дене қызуы көтерілмейді. Тұмаудан ең басты айырмашылығы да осы. Маусымдық аллергияда таңертең өзіңді жайсыз сезінгеніңмен, кешке жағдайың жақсарады. Түнде жөтел басталуы мүмкін. Жаңбырдан кейін сауыққандай боласың. Үйде өзіңді жақсы сезініп, далаға шыққанда дерт қозады», - дейді дәрігер.null

Аллергияны емдемесе жыл сайын ағзаның сезімталдығы арта түсіп, жаңа қоздырғыштар қосылып отырады. Соңы тыныс демікпесіне ұласып, адам өліп те кетуі мүмкін. Сол себепті мамандар ауруды асқындырмай маманға жүгінуге кеңес береді. Дәрігер ең алдымен адамның неге аллергиясы барлығын анықтайды. Содан кейін барып гистаминге қарсы, антилейкотриенді және гормонды препараттарды жазып береді.

«Поллиноз - ұзақ емделіп жазылатын дерт. Аллергияның салдарын азайтуға болады. Ол үшін қарапайым ережелерді ұстану керек. Қандай өсімдіктің тозаңына аллергия барлығын білгеннен кейін, ал оны білу міндетті, онымен байланысты азайтқан жөн. Гүлдеп біткенше дейін басқа жаққа кетуге болады. Ондай мүмкіндік болмаса далаға тек аса қажеттілік бойынша ғана шығу керек.

Терезені жабық ұстап, пәтерге ауа тазалағыш орнатуға болады. Ал сыртқа шыққанда көзілдірік пен маска киюге кеңес беремін. Әр сыртқа шығып келген сайын беті-қолды жуып, киімді ауыстыру қажет болады. Далаға қыдыруға тек жаңбырдан кейін, шаң-тозаң көтерілмей тұрып шыққан жөн», - дейді Вера Владимировна.

Соңғы жаңалықтар