Алкоголь өнімдерін таңбалау жобасы қашан аяқталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігі бизнесті бейімдеу үшін темекі мен алкоголь өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобаны алғашқылардың бірі болып енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, темекі бойынша пилоттық жоба 2018 жылдың 1 қазанында басталып, 2020 жылдың 31 наурызында аяқталды. Ал алкоголь өнімдері бойынша жоба 2019 жылдың 1 маусымында басталып, 2021 жылдың 1 қазанында аяқталатын болады.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл таңбалау механизмі заңсыз трафикпен күресудің тиімді және дәлелденген әдісі әрі Еуропалық Одақ, Түркия, Бразилия және тағы басқа елдерде белсенді түрде қолданылып келеді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2021 жылғы 23 сәуірдегі шешіміне сәйкес елдер бұл тауарларға міндетті таңбалауды ұлттық заңнамаларға сәйкес дербес түрде енгізеді. Пилоттық кезеңде ақпараттық жүйе мен таңбалаудың қолданылатын механизмдерінің орындылығы бизнес қауымдастықпен, оның ішінде «Атамекен» ҰКП алаңында алдын ала талқыланып тексерілді», - деп атап өтеді министрліктен.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қазанынан бастап фильтрлі темекіге, 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап темекі өнімдерінің басқа түрлеріне міндетті таңбалау енгізілді. Қазақстан аумағында өндірілген немесе Қазақстан Республикасына әкелінетін барлық темекі цифрлық маркалармен таңбаланған. Сонымен бірге, салық заңнамасына сәйкес өндірушілердің шығындары амортизациялық төлемдер арқылы төленетін салықтан шегерілу мүмкіндігі қарастырылған.

Темекі өнімдерін сататын бөлшек саудагерлерге, оның ішінде «үй жанындағы» дүкендерде сату үшін қымбат жабдықты сатып алудың қажеті жоқ. 2D сканерлерге балама болып табылатын «Naqty Sauda» (Android және IOS) тегін мобильді қосымшасын орнату жеткілікті.

Егер сатушы өнімді үлкен көлемде сататын болса, онда ол 2D сканерін сатып ала алады. Бүгінде оның бағасы 25 мың теңге шамасында. Кәсіпкерлердің қосымша шығындары болмайды. Тауардың басқа түрлері үшін, мысалы, сүт өнімдері, қант қосылған сусындар және басқаларына пилоттық жобаны салалық министрліктер жүзеге асырады. Қаржы министрлігі оларға бақылау және әкімшілік шараларды қолданбайды.


Соңғы жаңалықтар