Әлия Молдабекова валюта нарығындағы теңгерім мен тұрақтылыққа түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова 2022 жылы нарық динамикасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сovid-19-ға байланысты бұдан былайғы жағдай, ФРЖ және басқа орталық банктердің ақша-кредит саясатының бағыты, әлемдегі инфляцияның жеделдеуі сияқты осындай негізгі факторлардың барлығы 2022 жылы нарықтардың серпінін айқындайтын болады.

Әлемдік экономиканы қалпына келтіру жалғасуда, ЭЫДҰ 2022 жылы жаһандық ІЖӨ-нің 4,5%-ға өсуін күтуде. Ұлттық банктің желтоқсан айындағы болжамына сәйкес, Қазақстан экономикасы осы жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары болған кезде 3,9-4,2%-ға өседі», - деді Ә. Молдабекова.

Сонымен қатар ол валюта нарығына тікелей әсер ететін факторларға жеке тоқталды. Біріншіден, мұнай бағасы теңге үшін іргелі факторлардың бір болып отыр, оның серпініне Covid-19-бен байланысты ахуал қатты әсер етіп келеді.

«Сарапшылардың пікірінше, мұнай нарығының перспективасы оңтайлы болып қалуда – сұраныс та біртіндеп қалпына келуде. Бұл байқалып отырған мұнай ұсынысының шамалы ғана тапшылығын ескере отырып, «қара алтын» бағасының өскенін білдіреді. ОПЕК+ елдерінің бұдан кейінгі саясаты және өндіруді ұлғайту қарқыны маңызды рөл атқаратын болады. Алайда, энергия тасымалдаушылар нарығы үшін Covid-19-бен байланысты ахуалдың нашарлауы және Иран мұнайын экспорттауға АҚШ эмбаргосы күшінің жойылуы негізгі тәуекелдер болып қалады», - деді ҰБ өкілі.

Екіншіден, әлемдік қаржы нарықтарында АҚШ ФРЖ-ның алдағы саясаты негізгі мәселелердің бірі болып қалуда. Нарық ФРЖ мөлшерлемесінің 2022 жылы үш рет емес, төрт рет көтерілетіні жөніндегі болжамдарды қарастыруда.

АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің артуы – экономикасы дамушы нарықтар үшін АҚШ долларының нығаюына, нәтижесінде капиталдың әкетілуіне және ЕМ елдері үшін қарыз алу құнының артуына әкеп соқтыратын теріс фактор.

«Біз қаржы нарықтарындағы қазіргі ахуал сақталған жағдайда, АҚШ долларының айтарлықтай нығаюын күтпейміз. Салымдарды долларсыздандыру/долларландыру бойынша бұдан былайғы серпін және төлем балансының жай-күйі теңге үшін айқындаушы ішкі факторлар болмақ. Мұнай бағасы ұлғайып, қазақстандық экспорт көлемінің өсуіне ықпал еткеніне қарамастан, импорт та өсуін жалғастырып, теңгеге қысым көрсетуде. Импортқа тәуелділік халық пен бизнестің долларсыздануды шектейтін себептердің бірі болып саналады», - деді ол.

«Мемлекет басшысы монетарлық саясаттың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударып, орнықты экономикалық өсу үшін валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды рөлін нақты атап өтті. Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен күш-жігері 2022 жылы және орта мерзімді перспективада импортқа тәуелділікті төмендетуге, инфляцияны нысаналы дәліз деңгейіне дейін тұрақтандыруға және төмендетуге бағытталатын болады. Бұл валюта нарығындағы теңгерім мен тұрақтылыққа ықпал етеді», - деді Ә. Молдабекова.


Соңғы жаңалықтар