Әлішер Кәрімов: «Жаңа толқында» әнімнің сөзін орыс тіліне аударуға мәжбүрледі, көнгенім - басты қателігім болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әнші Әлішер Кәрімов Юрмалада өткен «Жаңа толқын» байқауынан алған әсерімен бөлісті.

Аталған додада Әлішер өзін жоғалтып алдым деп санайды. Байқаудың қатысушылары ұйымдастырушылардың айтқанын істеп, барлық шарттарымен келісуге мәжбүр болған. Ал, олар болса конкурсанттардың образын өздерінің қалауынша өзгерткен.

«Мен ермексаздай илендім. Менің дайындап келген образым қабылданбады. Тіпті орындау мәнеріме де өзгерістер енгізді. Алып барған сахналық костюмімді кигізбеді. Бірінші әнді айтуға мәжбүрледі, екінші әнім «Әлияны» орындауға рұқсат бермеді. Оны айта алатын Ресейде әнші жоқ деп. Ал, үшінші «Әрине» әніне келгенде, ұйымдастырушылар орыс тіліне аудару керек деп қоймады. Біз неге өзге әншілердің әндері аударылмайтынын сұрағанда, олар «Жаңа толқынды тек Қазақстанда көрмейді» деген жауап алдық. Сөйтіп, Қырғызстан мен Қазақстаннан келген әншілердің әндері орыс тіліне аударылды. Бірақ, ол ән қазақ тілінде жазылған, өзге тілде айтылуы үлкен кемшілік болды. Мүмкін осының бәрі қазылардың бағасына әсер еткен шығар», - деді Әлішер Кәрімов.

Әншінің айтуынша, «Жаңа толқында» өнерден басқа барлық нәрсе сайысқа түседі.

«Мұнда тек таланттан басқа барлық нәрсе сыналатынын байқадым. Бұрын өзге әншілер көңілі қайтып келген кездерде сенбейтін едім. Қазір өзімнің көзім жетті», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар