Әліпби өзгерту тек кириллица әріптерін латынмен алмастыру ғана емес - сенатор

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жазбаны өзгертудің жағымды тұстары бар. Атап айтқанда өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамытуға жағдай бар. Латын әліпбиі әлемде танымалдыққа ие. Біріншіден, латын әліпбиінің арқасында жастарымыздың ғаламтордан ақпарат алуға көптеген мүмкіндіктері, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке, тез арадағы оқуға қолжетімділік болады. Екіншіден, түркі әлемі мен Қазақстанның бірігуіне ықпал етеді. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты елдермен ортақ жазбаға ие болуы біздің еліміз үшін пайдалы. Латын әліпбиіне өту қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге ықпалы зор. Себебі біздің тіліміз басқа тілдерімен бірдей деңгейде тұрады және өзге қарым-қатынас жасауға жеңіл болады. Әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ. Ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр», - деді сенатор.

Осы орайда ол тілдің ішкі әрі сыртқы жағдайы қазіргі жазудың орфографияға, айтылуда орфоэпияға кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетикалық, грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартқандығын атап өтті.

«Демек, әліпби өзгерту тек кириллица әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, жазу саласында да реформа қайта жасау қажеттігін талап етеді. Әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі зор екендігін танытып отыр», - деді Т. Мұқашев.

Соңғы жаңалықтар