Әлімханұлы АҚШ-тағы жекпе-жегі алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -2 ақпан күні Американың Фриско қаласында (Техас штаты) қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (4-0, 1 КО) кезекті жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Жәнібек америкалық Стивен Мартинеспен (18-4, 13 КО) кездеседі. Орта салмақтағы айқас сегіз раундқа есептелген.

Жекпе-жек алдында қарсыластар дәстүрлі салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Әлімханұлының салмағы 162 фунт, ал Мартинестің салмағы 160,4 фунтты құрады. Рәсім барысында түсірілген видеоны қазақстандық боксшының командасы Инстаграмда жариялады.

Айта кетейік, бұл кештің басты айқасы - колумбиялық спортшы Элейдер Альварес пен ресейлік Сергей Ковалев арасындағы рематч.

Жәнібек Әлімханұлы- Стивен Мартинес жекпе-жегін «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Басталуы 3 ақпан, Астана уақытымен сағат 07.30.

Еске сала кетейік, Жәнібек профи-рингтегі төртінші айқасын өткен жылдың қараша айында «Жыртқыш» лақап атымен танымал америкалық Александр Вонмен өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.

Бұған дейін боксшымыз бесінші жекпе-жегі алдындағы көңіл-күйімен бөлісіп, жанкүйерлеріне алғыс айтқан болатын.

«Жәнібек хан - Қазақ хандығының негізін қалаған хандардың бірі. Еңселі ел болу жолындағы Керей мен Жәнібектің еңбегі тарихта алтын әріппен жазулы. Ұлт үшін өлшеусіз еңбек етті. Бізге де азан шақырып хан есімі қойылған соң, әлсіз болуға қақымыз жоқ. Бабалардай ұлы іс атқара алмасақ та, Туды құлатпай, намысты бермей, жеңіспен елді қуанту - негізгі міндетім деп есептеймін. Тақымқысар ағайынға мың алғыс. Мұхиттың арғы бетінде жанкүйерліктеріңізді сезініп жүрмін. Бесінші жекпе-жекке де аз күн қалды. Жексенбіде америкалықтарға Қазақтың бокс стилін көрсетеміз, бұйыртса. Жеңісте жүздесейік. Ту желбіресін!», - деп жазған еді ол Инстаграмда.

Фото: instagram/janibek_alimkhanuly_team

Соңғы жаңалықтар