Алимент төлеуден жалтарғандарды анықтауға «Сергек» жүйесі көмектеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылдан бастап алимент төлеуден жалтарғандардың көліктерін борышты өндіру үшін алып қоюға «Сергек» жүйесі көмектесетін болады. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл бұл жұмыстарды жандандыра түсетін екі жайт бар. Біріншіден, республикалық палатамен бірлесе отырып, сот орындаушылардың ақпараттық жүйесін «Сергек» жүйесімен ықпалдастыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, «Сергек» жүйесі орнатылған қалаларда көлік құралдарын табу оңай болады. Соның нәтижесінде алимент бойынша борышкерлерден көліктерді алып қою арта түседі деп ойлаймыз», - деді вице-министр Zoom платформасында өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Сонымен қатар, ол өткен жылы қабылданған заң аясында сот орындаушыларының жауапкершілігі күшейтілгенін айтады.

«Бұл жауапкершілік әлеуметтік маңызы бар істер бойынша арта түсті. Яғни, сот орындаушылары әлеуметтік маңызы бар істерді ілгерілетті және бізбен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр», - деді Алмат Мадалиев.

Бұған дейін ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев борышкерден алиментті жылжымайтын мүлік немесе көлік есебінен өндіріп алу биыл да жалғасатындығын айтқанын хабарлаған едік.

Жалпы 2020 жылы алимент төлеуден жалтарғандардан 76 пәтер мен 62 көлік өндіріп алынған болатын.



Соңғы жаңалықтар