Алимент төлемейтіндер қай өңірде көп – министрлік жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда алимент сомасы отбасындағы бала санына қарай тағайындалады. Ата-ана ажырасқан жағдайда балаларға тәрбие-білім беру, асырау және алимент төлеу мәселесін сотқа жеткізбей-ақ өзара шешуге құқылы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Әділет министрлігіне сілтеме жасап.

«Неке және отбасы» кодексі қағидаттарының бірі, балалардың құқығы мен мүддесін қорғау. Кодекстің 138-бабына сәйкес, ата-ана кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Ата-аналар ажырасқан жағдайда кәмелетке толмаған балаларына тәрбие-білім беру, асырау және алимент төлеу бойынша өзара келісім жасасуға құқылы. Аталған кодекстің 139-бабына сәйкес сот кәмелет жасына толмаған балалардың алиментін ата-анасының ай сайынғы табысынан бір бала болса, төрттен бір бөлігі, екі балаға үштен бір бөлігі, үш және одан да көп балаға жалақының жартысы мөлшерінде өндіріп алады», - делінген агенттіктің ресми сауалына Әділет министрлігі берген жауапта.

Сондай-ақ министрлік қай өңірлерде алиментті уақытылы төлемейтіндер көп екенін мәлім етті.

«Проблемалы алименттердің ең көп саны – Астана қаласында. Атап айтқанда, төленбеген алимент туралы 2 803 құжат бар. Одан әрі Алматы қаласы – 1 699, Жамбыл облысы – 1 402, Қарағанды облысы – 1 213 және Түркістан облысы 1 132 құжат», - делінген ведомство ақпаратында.

Еске салайық, бұған дейін алимент төлемеген қанша қазақстандық шетелге шыға алмай жүргенін жазған едік.

Сондай-ақ жұмыссыз борышкерден алиментті өндіріп алу қалай жүргізілетінін айттық.


Соңғы жаңалықтар