Алимент өндіру күрделі мәселелердің бірі - министр

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жағдайы бола тұра, алимент төлеуден әдейі жалтаратын борышкерлер де баршылық. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев БҚО халқына есеп беру кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, алимент өндіру - тек БҚО ғана емес, бүкіл ел бойынша күрделі мәселелердің бірі.

Министрдің сөзіне қарағанда, БҚО-да барлығы 11 мемлекеттік және 50 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. Олардың өндірісінде осы кезге дейін 270 мың атқарушылық өндіріс болса, соның 147 мыңында істер аяқталды.

Кейбір жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіру қиынға соғады. Осыған байланысты өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты түрде бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Мысалы, 2022 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 118 борышкер жұмысқа тұрды.

Азамат Есқараев Әділет министрлігінің қызметіне тоқталды.

«Адамдар көбінесе нотариустардың, адвокаттардың және заң кеңесшілерінің көмегіне жүгінеді. Осыған орай біз нотариустардың қызметтерін ыңғайлы пайдалану үшін бірқатар шаралар қабылдадық», деді министр.

Айталық, «Нотариат туралы» Заңға түзетулер енгізілді, соған сәйкес қазір жылжымайтын мүлікпен мәмілені рәсімдеу оңайырақ болады.


Соңғы жаңалықтар