Алимент қорын құру ата-аналардың жауапкершілігін төмендетеді - Әлихан Смайылов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында алимент қорын құру бастамасы неге қолдау таппайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда мұндай қор құру туралы бастаманы мүдделі уәкілетті органдар бұған дейін де бірнеше рет пысықтағанын айту керек. Соның қорытындысы бойынша ондай құр құру тиімсіз деген шешім қабылданған болатын. Өйткені, қорды басқару, қалыптастырып, толықтыру бюджеттен айтарлықтай шығын талап етеді. Оның үстіне, алимент төлеуден жалтарып жүргендердің борышын қор құру арқылы өтету мүмкіндігі даулы деген ұйғарымдар айтылды.

Қазіргі таңда бұл бастама мына негіздерге байланысты қолдау таппайды. Ерлі-зайыптылар арасындағы алимент қатынастары «Неке және отбасы» Кодексімен реттеледі. Ал, алимент төлеу тәртібі бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы келісім бойынша немесе сот шешімі бойынша анықталады. Қазақстан Конституциясы бойынша балаға қаморлық көрсетіп, тәрбие беру ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті болып есептеледі. Қордан алимент алу ата-аналардың баласын қамсыздандырып, тәрбилеуге деген ынтасын төмендетуі мүмкін. Өйткені, қамқорлықтың бәрі мемлекеттің иығына аударылып, масылдық көңіл күй туындатуы мүмкін», - деп жазады Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының сөзінше, қорды қаржыландырып, құрылымын басқаруға және қосымша қаражат бөлу үшін мемлекет бюджетінен қаражат керек болады.

«Ондай қорды қалыптастырып, толықтыру бюджеттен алимент борышкерлерінің қарызы есебінен кепілдендірмей іске асырылады. Осыған байланысты алимент өндіру жұмыстарын қолданыстағы мүмкіндіктер аясында күшейту қажет деп топшылаймыз», - делінген жауапта.


Соңғы жаңалықтар