Алимент кешірілетін қарыз түріне жатпайды – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Адам денсаулығына зиян келтіру және алимент бойынша берешек кешірілетін қарыздарға жатпайды. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың төлем қабілеттілігі және банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеу барысында аталған институт қалыптасқан елдердің тәжірибесі сараланды. Мысалы, Германия және АҚШ-та банкрот болған тұлғаға 10 жыл несие алуға тыйым салынады. Ал Ресейде 5 жылға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналыспайды, басшылық лауазымға тағайындала алмайды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз», - деді Ержан Біржанов Сенат қабырғасында өткен дөңгелек үстел барысында.

Осы тұста еске салсақ, таяуда ғана ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев банкроттық рәсімдер туралы баяндаған еді.

«4,9 миллион теңгеден асатын қарыз және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукционда сатуға қойылады. Түскен қаражат сол азаматтың кредиторлар алдындағы қарызын өтеуге жұмсалады. Борышкердің қалған өтелмеген сомасы кешіріледі. Алайда, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян мен алимент бойынша қарыз есептен шығаруға жатпайды», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар