Алик Шпекбаев штаттың қысқаруы туралы: Жұмыс нәтижелі бола түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өз ведомствосында Парето қағидасының енгізілуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздердің көбіңіз Парето принципін жақсы білесіздер. Оған сәйкес, мекемедегі жұмыстың 80% қызметкерлердің 20% атқарады. Менің ойымша, бұл ара салмақ мемлекеттік қызмет үшін де қандай да бір дәрежеде әділ болып келеді. Жарты жыл бұрын Агенттіктің орталық аппаратындағы штат санын 30%, аумақтық бөлімшелерде - 10% оңтайландырдық. Кадрлық іс қағаздарын жүргізу бойынша ортақ қызмет көрсету орталығын құрдық. Бүгінде, біз одан әрі алға жылжып, мемлекеттік сатып алу мен заң қызметтерін орталықтандырамыз. Осылайша, 147 кадр бірлігін қысқарттық. Жыл сайынғы үнемділік 432 млн теңгені құрайтын болады», - деп жазды Алик Шпекбаев Facebook-те.

Сондай-ақ, ол өткен жылдың соңында басқарушы тұлға жұмыскерлер санын қысқартқан кезде, мемлекеттік органның қаржыландыруы бұрынғы деңгейде сақталатындығына қатысты Бюджет кодексіне (53-бап) өзгертулер енгізілгендігін атап өтті. Мемлекеттік орган үнемделген қаражатты өнімді және адал еңбекті ынтыландыру мақсатында жұмысшылардың жалақысын үстемеақы есебінен арттыру үшін қолдануға құқылы. Сондай-ақ еңбек нәтижелілігін арттыру мен қаражаттың үнемделуі электронды құжатайналымға көшуге және бизнес-процестерді цифрландыруға септігін тигізетін болады.

«Жүргізіліп жатқан оңтайландыруға қарамастан, агенттікте жұмыс тоқтап қалған жоқ. Керісінше, экономикалық ынталандырудың арқасында айтарлықтай тиімді бола түсті. Біз велосипед ойлап тауып жатқан жоқпыз. ЭЫДҰ елдірінде корпоративтік және мемлекеттік секторларда тиімді болған  шараларды енгізудеміз. Мақсатымыз - бәсекеге қабілеттілік пен агенттік қызметкерлерінің инновациялық әлеуетін дамытып қана қоймай, басқа да мемлекеттік органдар мұны жұмыс сапасын жоғалтпай және қосымша шығындарсыз жасай алатындығын өз үлгімізбен көрсету», - деп атап өтті ол. 

Соңғы жаңалықтар