Алик Шпекбаев Қазақстандағы ең жемқорлық жайлаған саланы атады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы және бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең жемқорлық жайлаған сала - мемлекеттік қызмет көрсету саласы. Бұл туралы Талдықорғанға жасаған сапары барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 73%-ы адамдық фактордан тыс көрсетіледі, яғни қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасында қарым-қатынас жоқ. Мемлекеттік қызмет саласындағы тұрмыстық жемқорлықты үштен екіге азайттық. Бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл посткеңестік елдердегі ең жемқорлық жайлаған сала», - деді Алик Шпекбаев.

Ведомство басшысы тәуелсіздік ала салып, бірінші кезекте тұрмыстық жемқорлықтың тамырына балта шабуға кіріскен елдерді мысалға келтірді.

«Мәселен, Грузия, Балтық жағалауы елдерін алайық. Олар ең алдымен не істеді - электронды жүйені енгізді. 2022 жылға қарай біздің мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электронды жүйе арқылы көрсетілетін болады, қалған 10%-ы түрлі себептермен компьютерлік сауаты жетпейтін адамдардың үлесінде», - деді агенттік төрағасы.

Сонымен қатар, Алик Жатқамбайұлы тұрмыстық жемқорлықтың негізгі себептеріне де тоқталды.

«Бізге тездетіп менталитетімізді өзгерту қажет. Тіпті аға ұрпақтың өзі электронды нұсқада жұмыс істеуі керек. Біз Оңтүстік Корея секілді елдермен иық тіресе жүруге тиіспіз. Неге дамыған елдерде тұрмыстық жемқорлық жоқ? Өйткені олардың менталитеті басқа, олар жемқорлыққа төзбейді. Оларда дәрігер де, мұғалім де, ұсақ шенеунік те, полицейлер де пара алмайды», - деп сөзін түйіндеді А. Шпекбаев. 

Соңғы жаңалықтар