Алик Шпекбаев кәсіпкер жұмысына кедергі келтіретін мәселені көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев әкімдіктер жанындағы қала құрылысы кеңестері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыстың қарқынды дамуын ескере отырып, осы саладағы әкімшілік кедергілерді жою мәселесі ерекше өзекті. Жобалау кезеңіндегі бірінші мәселе – сұлбалық жобаны көрсетілген уақытта келісу. Алайда, іс жүзінде әкімдіктер жанындағы қала құрылысы кеңестерінде мақұлдау кезінде мерзімдер сақталмайды», – дейді Алик Шпекбаев елордада өткен кәсіпкерлер форумында.

Ол бизнес үшін ең қымбат нәрсе – уақыт екенін айтты.

«Әдетте рәсімдердің ұзаққа созылуы мен кідірістер сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеп соқтырады. 2018 жылы аталған кеңестерде келісу рәсімі заңды түрде алынып, бұл олардың таратылып кетуіне негіз болды. Егер кейбір әкімдіктер кеңестерді өз бетінше таратса, бесеуі Агенттік ұсынысымен жойылды, ал Қостанай, Атырау және Ақмола облыстарында аталған кеңестер өз жұмыстарын әлі күнге дейін жалғастыруда», - дейді ол.

Сондай-ақ, жер қатынастарындағы мониторинг барысында бірқатар мәселе анықталған.

«Жерге орналастыру қызметтерімен айналысатын кәсіпкерлерден осындай қызметтерді көрсететін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының іс-әрекетіне көптеген шағым бар. Мемлекеттік корпорация жер кадастрын жүргізу бойынша монополист бола отырып, өз жобаларын жеке меншік жобаларға қарағанда тезірек мақұлдайды. Бұл кәсіпкерлерге қолайсыз жағдай тудырып, әділ бәсекелестікті шектейді», - дейді Алик Шпекбаев.


Соңғы жаңалықтар