Алик Шпекбаев қарамағындағы қызметкерлерінің жалақысын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесін ілкі енгізудің алдын ала қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер жалақы төлеудің жаңа жүйесіне қатысты айтар болсақ, онда біздің ілкі органдардағы жалақы көлемі екі есеге ұлғайды. Астана мен Маңғыстау облыстарының әкімдіктерінде 2,2-ден 2,5 есеге дейін артты. Бұл айтарлықтай сома. Орташа алғанда жеке сектордағы жалақымен сай келеді деп айтуға болады. Жеке сектордағы ең төменгі жалақы 165 мың теңге.  Бүгінде біздің мамандар, төменгі буын сарапшылары дәл сондай жалақы алады. Бұған қоса, біз орталық пен өңірлер арасындағы жалақы теңсіздігін жойдық. Айырмашылық шамамен 70 пайыз болатын. Егер ол орталықта жұмыс істейтін болса, әрине, оның жалақысы сәл жоғары болады. Бірақ, айырмашылық 10-20 пайыз ғана»,-  деді агенттік басшысы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы сарапшылық клубының отырысында.

Оның айтуынша, агенттік ғылыми әдістемелер негізінде өз аппаратының құрылымын 30 пайызға оңтайландырылған. Нәтижесінде жекелеген құрылымдар, лауазымдар жойылған. Жекелеген басқармалар біріктіріліп, орынбасар лауазымдары алынып тасталды.

«Соның есебінен орталық аппараттың өзіндегі жалақыны 50-ден 60 пайызға дейін өсірдік. Егер жеке сектордағы орташа жалақы 165 мың теңге десек, онда қазір біздің агенттікте 165 мыңнан бастап 220 мың теңге дейін жалақы алады. Ол бастық болса онда жалақысы шамамен 300 мыңға жетеді. Ал 300 мың дегеніміз орталық мемлекеттік органдардың, яғни министрлік директорының жалақысы. Демек, бүгінде біздің ең төменгі буындағы сарапшылар орталық мемлекеттік органның директорымен бірдей жалақы алып отыр. Бұған қоса, жылдың соңында бонус бар», - деді ол.

Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, бонус жүйесінде кемінде 4 лаузымдық жалақы төлеу қарастырылған.

«Егер сарапшы тиімді жұмыс істесе, онда соған сәйкес жылдың соңында 10 айлыққа дейін бонус алады. Бұл шамамен 3 млн теңге. Бүгін 40 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер нарықта 12 млн тұрады. Ол бірден несиенің төрттен бірін бірден жаба алады. Ал 3-4 жылдың ішінде барлық қарызын жауып тастайды. Барлық мемлекеттік органдар біртіндеп факторлық-баллдық жүйеге көшер болса, бұған қол жеткізе аламыз», - деді Алик Шпекбаев.

Соңғы жаңалықтар