Алик Шпекбаев: Халыққа қолайлы жағдай жасалмаған жерде жемқорлық таралады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге Рудный және Лисаков қалаларында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы әкімдіктерде «бір терезе» қағидатымен азаматтарға сервистік және кедергісіз қызмет көрсетуге арналған «Көмек алаңы» фронт-кеңселерінің жұмысымен танысты.

Қазір кез келген азамат кабинеттердің табалдырығында кезек күтпей-ақ фронт-кеңселерге жүгіне алады. Әкімдіктердің қызметкерлері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша кеңестер береді.

Электрондық қызметтерді алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары да қарастырылған.

«Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалмаған жерде таралады. Азаматтардың қажетті заңды көмек алу үшін мемлекеттік қызметшіге сыйлық беруіне жол жоқ. Шенеуніктер мәселені шешу жолдарын тарылтып, кеңселерде отырған қызметкерлердің маңызын жасанды түрде асыра көтермеуі тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс барысында ұстанатын қағидалары – адалдық, тәртіп, қолжетімділік, ашықтық пен әділдік. Әкімдіктердің ыңғайлы фронт-кеңселерімен мегаполистердің ғана емес, шағын кенттердің тұрғындарын да қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті Алик Шпекбаев.

Рудный мен Лисаков қалаларында «Көмек алаңы» ашылған сәттен бастап 12 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Жергілікті биліктің айтуынша, жақын арада облыстың халқы тығыз орналасқан барлық ауылдарының әкімдіктері осындай жұмыс нысанына көшеді.

Сондай-ақ, агенттік төрағасы жергілікті мемлекеттік кірістер органдарына барып, азаматтар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету залдарының жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, Лисаков қаласында Алик Шпекбаев пен Архимед Мұхамбетов күрделі жағдайларды шешуге көмек көрсету туралы өтініш білдірген азаматтарды бірлескен қабылдау өткізді.


Соңғы жаңалықтар