Алик Шпекбаев Ақтөбедегі «сервистік әкімдіктің» қызметін тексерді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев екі күндік жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алик Шпекбаев алдымен Хромтау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына барып, ондағы жұмыспен танысты. Кейін Хромтау ауданы әкімдігі жанындағы «Сервистік әкімдіктің» қызметін тексеріп, азаматтарды жеке қабылдады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысына негізінен тұрғын үй шаруашылығы, жер қатынастары секілді әлеуметтік мәселелер жөнінде сұрақ қойылды. Тұрғындар Хромтау қаласының кейбір шағын аудандарында байланыс қызметін жақсарту, мүгедектігі бар баланы әкесімен бірге жатақхананың 1-қабатына көшіру үшін көмек көрсету, жұмысқа орналастыру секілді бірқатар өтініш айтты.
«Аумақтық департаментке әрбір өтінішті жекелей зерделеп, тұрғындардың жағдайын егжей – тегжейлі түсінуге тапсырма берілді. Мәселе шешімін табатын болады», - деді Алик Шпекбаев. Қабылдау барысында тұрғындар «Бір терезе» қағидаты бойынша азаматтарға жедел және кедергісіз қызмет көрсетуге арналған жергілікті «Сервистік әкімдіктің» жұмысын оң бағалады. Мұнда азаматтарды жеке қабылдап, кеңес беру үшін «Open Space» форматындағы кабинет жабдықталған. Хромтау ауданының «Ашық әкімдігіне» жыл басынан бері барлығы 600-ден астам өтініш, 500-ден астам арыз және өзге де сауал келіп түсті. 95 адам әкімнің жеке қабылдауында болған. Мұнда атқарушы органдар жыл басынан бері барлығы 8103 қызмет көрсеткен. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде Агенттік азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейтуде.
«Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттырудың тиімді құралы - халық алдында есеп беруді қамтамасыз ету. Сондықтан халықпен мүмкіндігінше жиі кездесіп, пікірін тыңдап, мәселелерін жедел шешу керек» - деді Агенттік төрағасы.
Жалпы бүгінгі күні Ақтөбе облысының барлық аудандық және қалалық әкімдігінде 15 «Сервистік әкімдік» және «Open Space» форматындағы 65 кабинет жұмыс істейді.
Агенттік төрағасы Хромтау ауданының бірқатар мекемелерін аралағаннан кейін аудан тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған барлық сұраққа жауап берді. Халықпен кездесуде Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгертулерге тоқталды.

Ертең кәсіпкерлермен кездесіп, «Protecting business and investment» жобасының іске асырылу барысымен танысады.


Соңғы жаңалықтар