Әлиханның ұлы - Үгедей... Сергей Бөкейханов... - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселе көтеріп жатыр? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Ілияс Есенберлин жарын қалай таңдаған? - «Қостанай таңы» газеті

«Қостанай таңы» газеті Ілияс Есенберлиннің өмірінен сыр шертетін естелікті жариялапты. Бұл жазушы Тұрсын Жұртбайдың естелігі екен. Жазуына қарағанда, Ілияс Есенберлин туралы естелік сұрап ұрпақтары Тұрсын Жұртбайға келген екен. Тұрсын Жұртбай сонда айтулы тұлғаның ұрпақтарына әңгіме айта отырып, көзіне жас келгенін жеткізеді. Оған себеп болған Ілияс Есенберлиннің әңгімесі екен. Айта кетерлігі, Ілекеңнің жары «халық жауының» қызы болған. Соның зардабын Ілекең де тартқан екен. «Халық жауының» қызы екенін біле тұрып, неге осы кісіні алдыңыз? Соншалықты күшті мәхаббат болды ма?» дегенге «жө-өқ-қ» деп жауап береді екен Ілекең. Содан соң ойланып барып әңгімесін бастайды екен:

«Бір күні көшеде келе жатсам, көзіне мұң ұялаған бір қыз келе жатыр екен. Мұңлы болғанда да мұңлы. Тоқтатып, бірнәрсе сұраған болып назарын өзіме аударып едім, көзі шынында да бұрын мен көрмеген мұңлы көз екен. Содан соң сыртынан сұрастырып біліп алдым, араласа бастадық. Өзім де ойлағандай, «халық жауының» қызы болып шықты. Көзіндегі мұңы бір сәтте пайда болатын мұң емес, әбден бойына сіңіп қалған мұң екен. Уақыт өткен сайын жүрегім жіби берді. Ақыры бір күні «сені аламын, тиесің бе?» дедім. Қыз жылады, «мені алсаңыз, күніңіз күн болмайды ғой», - деді. «Тәуекел, аламын» дедім. «Жалғыз шешем бар ғой» деді. «Мейлі, шешең қолымызда тұрсын, өл-өлгенше бағып-қақ», - дедім. «Шешеммен ақылдасайын», - деді. Бір-екі күннен соң шешесінің алдына бардым. «Қайда істейсің, балам» деді. «ЦК-да». «Ойбу-у» деді. «Сорыңды қайнатады ғой». «Бәріне дайынмын, тәуекел» дедім. «Жарайды, тек бұл байғұсты жылатып тастап кетуші болма». Сөйтіп, осы кісіні алғанмын. Шешесі қайтқанша қолымызда тұрды».null

Үгедей... Сергей Бөкейханов - «SARYARQA» газеті

«Алаш қозғалысының жетекшісі, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедейдің осыдан 89 жыл бұрын Жезқазған жеріне табаны тиіп, еңбек жолын Қарсақбай мыс комбинатында бастағанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Кейбір жазбаларда Үкітай немесе Өкітай деп те аталып жүр. Құжат бойынша оның аты-жөні Сергей Александрович Бөкейханов екен. Асылдың ұрпағының Жезқазған өңіріне келуіне қазақтың айтулы геологы, академик Қаныш Сәтбаев себепкер болған көрінеді» деп жазады «SARYARQA» газеті.

Мақала авторы бұл жөніндегі деректерге қалай қол жеткізгенін айта келе, кейбір мәліметтердің ала-құла екенін алға тартады. Сосын автор өзіндегі деректерге сүйене отырып, Сергей (Үгедей) Бөкейхановтың Ұлытау өңіріндегі Қарсақбайға келуіне Қаныш Сәтбаев себеп болғанын жазады. Дерекке сүйенсек, Сергей Бөкейханов 1930 жылдың басында Ұлытау өңіріне келіп, Қарсақбай комбинатының геологиялық бөлімінде аудандық геолог болып жұмысқа кіріседі. Жезқазғандықтар оны Ақтай деп атапты. КСРО Ғылым Академиясының Үлкен Алтай және Үлкен Жезқазған проблемаларын талқылауға арналған 1934 жылдың 10-15 қарашасында Мәскеуде өткен ғылыми кеңесінің сессиясында белгілі ғалымдардың қатарында Қаныш Сәтбаевтан кейін Сергей Бөкейханов та бес түрлі тақырып бойынша баяндама жасайды. Бөкейхановтың өмірінің кейінгі жылдары туралы дерек аз екен. Автор бұның бір себебін оның арнайы тапсырмамен жабық әрі мемлекеттік құпия болып саналатын уран кеніштерін ашып, өндірісін басқарғанымен байланыстырады. 1957 жылы жұмбақ жағдайда өмірден өтіпті.

Мақалада айтулы тұлғалардың артындағы ұрпақтары туралы да сөз болады.

«Үгедей (Сергейдің) баласы Евгений бүгінде 81-ге қарады, Мәскеуде тұрады. Техника ғылымдарының кандидаты, ақындық қасиеті бар дейді. Алаш көсемі Әлекеңнің ата тегі Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы екенін ел білсе керек. Евгений мен оның баласы Петр 1992 жылы аталары Әлихан Бөкейхановтың 125 жылдығына байланысты Ақтоғайда ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференция мен мерекелік шараларға қатысуға келіпті. Қайрекең сол жолы оларды аралатып Ұлытауға әкеледі, ұлы бабалары Жошыхан, Алашахан кесенелерінің басына тағзым жасатады. Сол жолғы әсерден туған Евгений Бөкейхановтың «Жошы хан туралы» өлеңі баспадан шыққан «Свидание со степью» атты жинағына енгізіліпті. Жақсыдан қалған тұяқ қазір сексеннен асып, шау тартқанмен өлең жазудан қалмаса керек».null

Мақалада сонымен қатар, Әлиханның шөбересі саналатын Петр туралы да аз-кем мәлімет келтіріледі. Ол 1970 жылы туған екен. Мәскеудің энергетика институтын бітірген соң ішкі істер органында қызмет істеген, милиция подполковнигі. Заң ғылымдарының кандидаты, «Курская битва» деген көлемді трилогияның авторы.

Молда Мұса мен Манат қыз қашан кездескен? - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Қазақта ұрпаққа үлгі боларлық тарихи тұлғалар аз емес. Ондай тұлғалардың өмірі өскелең ұрпақтың мақтаныш сезімін де оята алады. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, осындай жастарға ұдайы насихаттауды қажет ететін тұлғаның бірі - Мұсабек ( Молда Мұса) Байзақұлы. Газетте Бәйдібек аудандық музей мұрағатындағы жазбаша деректердегі Молда Мұса туралы мәліметтер келтірілген.

Жазуынша, Молда Мұса атанып кеткен ақын қазіргі Түркістан облысына қарасты Шоқтас деген елді мекенде 1849 жылы дүниеге келген. Ескіше әріп таныған, діни сауатты, діндар ақын болған. Жастайынан молдадан білім алып, Қарнақ қыстағындағы Қозы молда ашқан медреседе оқыған екен. Ана тілінен бөлек араб, парсы, шағатай тілдерін білген. Ақынның ерекшелігі, шығармаларының дені дінді уағыздауға негізделген. Ислам дінінің артықшылығын айта отырып халықты жақсылыққа, имандылыққа, тазалыққа шақырған. Дегенмен, Мұсабек ақынның даңқын шығарған - оның Манат Бекбергенқызымен айтысы екен. Мақалада архив деректеріне сүйене отырып, осы жайт жазылады.null

«Мұсабек ақын отыздан асып қалған шағында Төрткүл елді мекеніндегі досы Жылқыбайдың үйінде, жиырмадан енді асқан кескін-келбеті ақыл-парасатына сай Манат қызды көретіні баяндалған. Екі ақын алдымен хат арқылы айтысып, кейін ауыл тойда бетпе-бет кездесіп, айтыстарын аяқтайды...Мұсабек (Молда Мұса) Байзақұлы 1932 жылы 83 жасында дүниеден өткен».

Тұрмағанбеттің тақиясы - «Сыр бойы» газеті

«Сыр бойы» газетінің жазуынша, шайыр Тұрмағамбет киген тақия ақын аттас ауылдағы №29 орта мектеп музейінде сақтаулы тұр екен. Фердоусидің «Шаһнамасын» қазақша сөйлеткен ақыннан қалған баға жетпес жәдігер сөреде 1990 жылдан бері тұрған көрінеді.

«Тақияны мектепке ақынның ұлы Әбдірауық табыстапты. Сонымен қатар, «Шаһнаманың» машинкаға терілген алғашқы нұсқасы да осында. Екі мыңға жуық экспонаты бар музейде шайырдың тақиясымен бірге шапаны, көзілдірігі, пышағы, күл салғышы мен қыны бар. Аталған руханият ордасын мектеп директоры З.Тасымова өз қаражаты есебінен 2015 жылы жаңа заманға сай қайта жабдықтаған» деп жазады газет.null

Өзге ұлттар Әулиеатаға қалай қоныстанды? - «Арай» газеті

Жамбыл облысында шығатын «Арай» жастар газеті өңірге өзге ұлттардың қоныстану тарихына шолу жасаған екен. «1864 жылдың 4 маусымы, таңғы сағат алтылар шамасында көне шаһар жұртының шырт ұйқысын гүрс еткен зеңбірек дауысы оятты. Таң рауанымен бірге көкке көтерілген шаң мен қара түтіннің арасынан Тектұрмас кесенесі көрінді. Бұл Ресейдің І Петр патшасының қазақ жерін жаулап алу саясатын белсенді жүргізген полковник М.Г.Черняевтің әскері еді. Міне, киелі Әулиеата топырағына әр ұлттың табаны әрқилы тағдырмен тиді. Бірі сонау Жібек жолының дәурені жүріп тұрған кезеңнен бері қазақ ұлысымен қоян-қолтық араласып, бір шаңырақтың уығындай болып ғұмыр кешсе, енді бірі қиын-қыстау жылдары атамекенінен жер аударылып келді» деп жазады газет.null

Мақалада жалпы Совет одағы кезеңіндегі депортация, қуғындау, жер аудару саясатының тарихына тоқталып, әртүрлі ұлттардың қазақ жеріне қалай қоныстанғанына шолу жасалады. Немістердің, поляк пен қарашайлардың Қазақстанға келуі, тың игерушілер туралы айтылады.

Тағы бір қызық дерек, мақалада 1936 жылдан бері құжатсыз жүрген кейуананың тағдырына да мән берген. Жазуынша, тағдыр тәлкегімен Қазақстанға жер аударылып, жолда, Қызылорда облысының тұсында ата-анасынан айырылған 8 жасар түрік қызы Өзбекстанға өтіп кеткен екен. Ол кейіннен 17 жасында тұрмысқа шығады. Алайда жолдасы ерте қайтыс болып, қайтадан Ресейге жер аударылып, ақыры тағдыр аялдамасы Жамбыл өңірінен жолығады.

«1936 жылғы Жанат Мусаева есімді бұл кісі ата-анасынан айырылғалы бері күні бүгінге дейін бірде-бір құжатсыз өмір сүріп келген. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ықпалымен жуырда сол кісінің құжаттарын реттеп бердік. Салтанатты түрде табыстадық. Зейнетақысын да алатын болды. Міне, қазақ халқының біздің ұлтымыз үшін жасаған және жасап келе жатқан жақсылығы ұшан-теңіз. Сол үшін Мәңгілік Елге мың да бір рақметімді айтқым келеді, - дейді «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі облыстық филиалының үйлестірушісі Ибрайхаджы Жуфаров»...

Сауатты мұғалімдер азайып барады... - «Орал өңірі» газеті

Мақала негізінен қоғамда үлкен талқылауға ұласып отырған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына арналған. Онда заң жобасына қатысты мәселелер айтыла келе, бірқатар ұсыныс та жазылады. Соның бірі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Автор пікірінше, жаңа заң арқылы Ұлттық тестілеу орталығын не Үкімет кеңсесіне, не Президент әкімшілігінің құзырына беру қажет. Сонда ҰБТ моделі ҚР Білім және ғылым министрлігіне тәуелсіз, сырттай еліміздің жалпы білім беру жүйесіндегі білім стандартының орындалу деңгейін объективті айқындау мүмкіндігіне ие болады. Бұл мұғалім мәртебесінің өсуіне де, білім сапасын да оңтайлы ықпал етер бірден-бір білімдік факторға айналар еді.

«Ең алдымен, әлемдік педагогика ғылымында аттары белгілі жалпы білім берудің реформаторлары болып саналатын Моно Муршет, Чинези Чийоке, Майкл Барберлер мұғалімдік кәсіптің сапасының, педагог мәртебесінің жоғары болуында, ғылымда аксиомаға айналған үш факторды алға тартады. Олар: мұғалімдік мамандыққа лайықты, қабілетті адамдардың келуі; мұғалімдік мамандықты тиісті дәрежеде атқара алатындай даярлықтан өтуі; мұғалімнің білімінің жоғары болуы - өйткені оқушының білімі мұғалім-нің білімінен жоғары бола алмайды... Қазір лицей, гимназия, дарынды балалар мектептерінде ғана емес, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында сабақ беретін сауатты мұғалімдер барған сайын азайып барады. Ал жоғары педагогикалық оқу орындары бірыңғай бакалавриаттық деңгейде мұғалімдерді, азын-аулақ қана магистрлерді даярлайды. Ол барған сайын, сан жағынан да, сапа жағынан да уақыт талабына сай келе бермейтіндігін көрсетіп отыр»...

Сіз театрға барасыз ба - «Орталық Қазақстан» газеті

«Жоқ» немесе «бармағалы көп болды», «уақыт жоқ», «қай театрға?» деген жауаптар алдық жұрттың көбінен. Алдыңғы жауаптар түсінікті дегенмен, «қай театрға?» дегендердікі тегін билеттен дәмеленгендік сияқты. Оған еріксіз езу тартасыз. Нақтылап бергенде, әрине, «жоқ» дейді. Бетіме бір қарап өте шыққандар да бар. Тіпті, «мешітке барамын» дейтіндер де кездесті (театрда Құдай жоқ деп кім айтты?). Сонымен, «сіз театрға барасыз ба?».

«Орталық Қазақстан» газеті осы сауалдың астарынан бірнеше мәселені меңзейді. Мәселен, автор «афишасыз театр - театр емес» дегенді алға тартып, театр жарнамасының жоқтығына қынжылыс білдіреді.

«Кісі көп жүретін орындар мен қоғамдық көліктерге кіріп барсаңыз, Қарағандыға келетін шетелдік цирктер мен эстрада жұлдыздары концертінің афишасынан көз сүрінеді, көңіл тоғаймаса да. Біздің театрдікі жоқ»...

Бұл ретте автор интернетке көп отыра бермейтін аға буынның мәселесін де сөз етеді. Автобуста жүретін дәл сол санаттағылар үшін шынымен қоғамдық көлікте театрдан басқаның бәріне жарнама жасалады екен. Ал жастар үшін театр өзінің әлеуметтік желідегі жарнамасын күшейту керек. Театрдың ішкі мәселесі де сөз болады. «Мықты режиссер таңдаулы туындыны жоғары деңгейде қояды, әртіс соған сай ойнап шығуы тиіс. Оны тамашалаған көрермен сол деңгейге көтеріледі. Сана-сезімі өсіп, рухы оянады. Қазір бізде қалай? Біз қазір «көрермен келмейді, көрермен түсінбейді» деп, солардың деңгейіне түсіп алғанбыз. Отбасы, ошақ қасы, базардағы қазақтың күнделікті күйбең тіршілігінің деңгейіне түсіп спектакль қоямыз. Және соған үйретіп болдық көрерменді. Оған еті өлген көрерменнен қандай деңгей күтесіз?»null

Мақалада қазіргі жеңіл желпі шоу бағдарламалар мен әзіл-оспақ театрларының көрерменге залалы келтіріліпті. Автор пайымынша, бұл көрерменнің эстетикалық талғамын түсіріп жіберді. «Осы тұрғыдан алғанда, театрға көрермен тарту, оның сауатын қалыптастыру - үлкен проблема. Өйткені, екінің бірінің қолында «сенсор». Виртуалды әлемде өмір сүреді. Кез келген дүниені онлайн көре салады. Сондықтан, бүгінде театрлар атқарып жатқан іс - өте ауқымды әрі күрделі рухани күрес деуге болады».

Қажымұқанның ерлігін қайталаған Қажытай - «Дидар» газеті

Атақты Қажымұқанның музейінде Қажытай Шалабаевтың суреті бар екен. Онда жерлес ұшқыш сыйлыққа алған су жаңа ұшақтың экипажымен бірге бейнеленген. Сурет не дейді? Оның артында қандай сыр жатыр? Әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың бейбіт өмірдегі ерлігін соғыс жылдары Шалабаев қалай жалғастырды? «Дидар» газетіндегі мақалада осы сұрақтарға жауап беріледі.

Шындығында Қажымұқанды Қажытай бала кезінде кездестірген екен. Ол соғыс жылдарында әскери ұшқыш болып, кейіннен авиациялық дивизияға қарасты полкте түнгі барлау қызметінде болады. Бұл кезде Қажымұқан жүз мың рубль жинап, Жоғары Бас қолбасшы Сталиннің атына осы сомаға ұшақ жасатқызып, оны майдандағы қазақ ұшқышына беруді өтініп хат жолдапты. Міне сол кезде Сталиннің бұйыруымен Қорғаныс министрілігі дереу әскери ұшқыш іздестіріп, таңдау кіші лейтенант Қажытай Шалабаевқа түседі.null

Осылайша, Қажымұқанның ұшағымен соғысқа араласқан кіші лейтенант Қажытай Шалабаев барлығы 120 жауынгерлік тапсырманы орындапты. 600 рет жау шебінен асып, нысандарды талқандаған. Талай ерліктер де көрсеткен. Алайда Қажытайдың ерлігі еленбеген. Бұл жайында батырдың өзі былай деген екен:

«Соғыс кезінде Батыр атағына лайық офицерлер мен солдаттар көп болды. Олардың бәрі ескерілді деп ойламаймын. Егер Мәлік Ғабдуллин мәселе көтермесе, Мәншүк Мәметова да Батыр атағын алмас еді. Бір сөзбен айтқанда, қасыңда ерліктеріңді растап, құзырлы органдарға тиісті ұсыныспен шығатын адам болуы керек екен. Бұған қоса соғыс кезінде По-2-ні толыққанды әскери ұшақ деп санамады. Ал негізі бізге әуедегі жеңісті Ил-2 мен По-2 ұшақтары әперіп еді»...

Соңғы жаңалықтар