Әлихан Смайылов жаңа Бюджет кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңа Бюджет кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа Салық кодексі ағымдағы ахуалдың сын-қатерлеріне дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асырудың негізгі құралына айналуы қажет. Фискалдық саясатты одан әрі жетілдіру салықтық әкімшілендірудің түсінікті, нақты және ашық рәсімдерін белгілей отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, салық базасын кеңейтуге және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға бағытталуы тиіс», - деді ол.

Әлихан Смайылов жаңа Салық кодексі «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, сарапшылардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен әзірленуі керектігін баса айтты.

«Бұған қоса Мемлекет басшысы бюджет жүйесін одан әрі реформалау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Үкімет бюджеттік жоспарлауды реформалау бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте Мемлекет басшысы бюджеттік процестерді жеңілдету, бюджетті жоспарлау кезінде шекті нормативтерді бекіту, бюджеттік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу, өңірлердің қаржылық тәуелсіздігін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Бұл шаралар жүргізіліп жатқан бюджет саясатының тиімділігін және мемлекеттік шығыстардың нәтижелігі сапалы түрде арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері осы тапсырмаларды заң жүзінде бекіту мәселесін жедел пысықтап, жаңа Бюджет кодексінің жобасын әзірлеуі қажет», - деді Үкімет басшысы.


Фото: primeminister.kz




Соңғы жаңалықтар