Әлихан Смайылов ветеринарлық қызметтің жұмысын регламенттеуді тапсырды
10:56, 17 Мамыр 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ветеринарлық қызметтердің жұмысын регламенттеу және ара-жігін ажырату бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мал шаруашылығын дамыту нақты ветеринарлық бақылау вертикалін ұйымдастыруды қажет етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ветеринарлық қызметтердің жұмысын регламенттеу және ара-жігін ажырату, оларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырамын», - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы тауарлық мал шаруашылығының өнімділігі негізінен селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа, яғни, мал басын асылдандыруға байланысты екендігін баса айтты.
«Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау жүйесін жетілдіру аясында осы бағытты дамытуға қатысты қолдау шараларын пысықтауы қажет», - деді ол.