Әлихан Смайылов түрік инвесторларына тиімді болатын салаларды атады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан-Түркия бизнес-форумында бірлесіп жұмыс істеуге тиімді болатын бірқатар саланы атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет елдің инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Біз өзіміздің инвестициялық саясатымызға айтарлықтай өзгерістер енгіздік. Жаһандық энергетикалық және технологиялық талаптарды күшейту жағдайында жаңа инвестициялық саясат тұжырымдасы жобасын әзірледік. Жаңа өзгерістер экономиканың басым салаларында инвесторлар үшін салықтық жүйені оңтайландыру және жеңілдету, субсидиядар және басқа да іс-шараларды қамтиды. Жаңа тәсілдерге сәйкес, біз мемлекеттік реттеуді азайту және жекешелендіруді жылдамдату бойынша тиісті қадамдар қабылдап жатырмыз. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, жеке сектордың жұмыс істеуіне жол ашады», - деді Ә. Смайылов «Rixos President Astana» қонақ үйінде Қазақстан-Түркия бизнес-форумында.

Үкімет басшының айтуынша, инвесторларға мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары, салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру түріндегі преференциялар ұсынылады. Осы сәтті пайдалана отырып, Ә. Смайылов түрік серіктестердің назарына бірнеше бағытты ұсынды.

«Бірінші, металлургия және тау-кен өндіру саласы біздің экономикамыздың басты секторы болып саналады. Онда өнеркәсіп пен ұлттық экспорттың шамамен 20 проценті шоғырланған. Табиғи ресурстар қоры бойынша Қазақстан әлемде алтыншы орында, минералды шикізатты өндірудің жалпы көлемі бойынша 10-шы орында. Қазір игерілмей жатқан кен орындарына тексеру жүргізілуде. Босайтын кен орындары жаңа инвесторға беру үшін аукционға шығарылады. Бұл саланың дамуына жаңадан қабылданған «Жер қойнауы туралы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс қосымша ықпал етеді. Ол біздің жер қойнауымыздың қорын одан әрі зерттеу үішн бірқатар жеңілдіктер беруді қарастырылады. Жаңа кодекс қабылданған сәттен бастап, үш жылда жер қойнауын пайдалануға берген лицензиялар саны 1600-ден астып, сұраныстың айрықша артқанын көрсетті. Түрік бизнесін осы бағытта бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге шақырамын», - деді Әлихан Смайылов.

Екіншіден, Премьер-Министр машина жасау саласы – Қазақстанның экономикалық өсу драйверлерінің бірі екенін жеткізді.

«Бұл салаға ірі шетелдік компниялар да белсенді атсалысуда. Машина жасау өнімдерінің экспорты өсіп, импорт көлемі біртіндеп азаюда. Аталған сектордың дамуы үшін түрік компанияларын осы салада жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Өйткені бұл салада жақсы шикізат базасы бар, сондай-ақ экспорттық әлеуеті де өте жоғары. Үшінші, агроөнеркәсіп кешені – Қазақстан үшін стратегиялық бағыттардың бірі әрі түрік компаниялары үшін зор әлеуетке ие. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы алқаптары 200 млн гектардан асады, ал жайылымдар – 180 млн гектарға жуық. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы Қазақстанды әлемдегі ең перспективалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін бес елдің бірі ретінде әрі жаһандық әрі аймақтық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды ойыншы ретінде таныды. Аграрлық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті шынымен үлкен», - деді Ә. Смайылов.

Төртіншіден, Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері үлесін 15 процентке дейін ұлғайтуға және 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа жетуге ниетті. Қазақстан энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін жоғары дәрежедегі тәжірибелі түрік компанияларының қатысуына мүдделі. Үкімет өз тарапынан жаңарытлатын энергия саласындағы жобаларды сәтті жасау үшін қажетті бірқатар қолдау шараларын ұсынуға дайын.

«Бесінші, Астана халықаралық қаржы орталығы қаржы секторындағы ынтымақтастықтың өзара тиімді перспективаларын ұсынады. Оған қатысушыларға 50 жылға дейін салық жеңілдіктері, жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режимдері қарастырылған. Ағылшын құқықығына негізделген тәуелсіз сот және халықаралық төрелік орталығы әділдікке және инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді. Қазіргі уақытта орталықта 17 түрік компаниясы тіркелген, қатысуларыңызды одан әрі кеңейтуге шақырамыз», - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, елордада Түркия Республикасының Вице-Президенті Фуат Октай мырзаның Қазақстан Республикасына сапары шеңберінде Қазақстан-Түркия бизнес-форумы өтіп жатыр.

Қазақстан мен Түркия 68 тармақтан тұратын бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. Онда сауда, өнеркәсіп, инвестиция, көлік пен транзит және тағы басқа салалар қамтылған.

Пандемияға қарамастан үшінші жыл қатарынан Қазақстанға Түркиядан рекордық көлемде инвестициялар салып келеді.


Соңғы жаңалықтар