Әлихан Смайылов республикалық бюджет кірісі жоспарының орындалмау себебін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдың қаңтарында мемлекеттік бюджет кірістері 104,8 пайызға орындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджет кірістері есепті кезеңнің жоспарына қарағанда 104,8 пайызға, оның ішінде республикалық – 86,8 және жергілікті бюджеттер – 153 пайызға орындалды. Республикалық бюджеттің кірістері 331 млрд теңгені құрады. Жоспар 50 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 52 млрд теңгеге орындалмады. Орындалмау сомасы 79 млрд теңге қосылған құн салығы бойынша қалыптасты», - деді ол.

Осы ретте бірінші вице-премьер жоспардың орындалмауының негізгі себептерін атады.

«Біріншіден, ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығының қайтарылған дебеттік сомасы осы жылдың қаңтар айында өткен жылдың ұқсас кезеңінен 19 есе асып түсті. Қайтару сомасы 2019 жылғы 1,2 млрд теңгемен салыстырғанда 22,8 млрд теңгені құрады. Екіншіден, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда импорт көлемінің азаюы және де 2019 жылы бірқатар салық төлеушілерден біржолғы төлемдер түскен болатын», - деді Әлихан Смайылов.

Оның дерегінше, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 10 млрд теңгеге артығымен орындалды. Алайда, өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда оның көлемі 17 млрд теңгеге азайып отыр.

«Түсімдердің азаюына металлургия өндірісінде шойын, болат, ферроқорытпа бағаларының 3,8, негізгі асыл және түсті металдардың бағасының орташа 5,6 пайызға төмендеуі себеп болды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар