Әлихан Смайылов министрлерге өңірлердегі мәселені уақытылы шешуге қатысты тапсырма берді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірлердегі проблемаларды шешу бойынша Іс-қимыл жоспарларына енгізілген мәселелерді уақытылы орындауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы министрлердің және әкімдердің халықпен кездесулерінде жиі көтерілетін мәселелерге жүйелі түрде мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондықтан, халықпен қарым-қатынас жасаудың жаңа форматына көшіп, оларды толғандыратын мәселелерді шұғыл шешудің нақты алгоритмдерін әзірлеу қажет. Мониторинг көптеген сұрақтардың жыл сайын қайталанатынын көрсетті, яғни оларды түпкілікті шешу керек», - деді Ә. Смайылов.

Осы орайда Үкімет басшысы өңірлерде негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, сондай-ақ баға мәселесіне қатысты тақырыптар жиі көтерілетінін айтты.

«Олардың басым бөлігі министрлердің халықпен кездесулерінде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сол жерде шешілді. Ал, қалған мәселелер мемлекеттік органдардың Іс-қимыл жоспарларына енгізілді. Оларды шешуге уақыт керек. Кейбіріне заңнамалық өзгерістер, қосымша қаржыландыру немесе басқа ведомстволардың шешімдері қажет. Сондықтан, барлық министрлер мемлекеттік органдардың Іс-қимыл жоспарларына енгізілген мәселелерді уақытылы шешуді қамтамасыз етуі тиіс», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкіметте орталық органдар басшыларының халықпен кездесу қорытындылары жарияланды.

2022 жылы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді.


Фото: primeminister.kz

Соңғы жаңалықтар