Әлихан Смайылов қаржы игеруде көш соңында қалған бес ведомствоны атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы министрі Әлихан Смайылов бөлінген қаражатты уақтылы игере алмай жатқан ведомстволар бестігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджетті игеру - өте маңызды мәселе. Біз бұл жұмысты күнделікті жүргіземіз. Қазынашылық-ақпараттық жүйесінен күнделікті барлық әкімшіліктердің төленіп жатқан қаражатын көріп отырмыз. Апта сайын әр әкімшілікпен тиісті жұмысты жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда бюджет игеру жұмысы жақсарды. Мысалы, осы жылдың 8 ай және 9 айлық қорытындысын салыстыратын болсақ, игерілмей жатқан қаражат сомасы 33 млрд теңгеге азайды. Біздің болжауымызша, жыл соңына дейін игеру көрсеткішін 100 пайызға жеткізу керек», - деді министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, мұнда мәселе тек бюджетті игеру ғана емес, әр әкімшілік өзінің алдындағы міндеттемелерді, өзінің стратегиялық жоспарын орындап, тиісті көрсеткіштеріне қол жетізуі керек. Яғни, нәтиже болуы тиіс.

Үкімет отырысындағы баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін тілшілер Әлихан Смайыловқа осы мәселеге қатысты тағы сұрақ қойды.

«Қаржының игерілмеуінің стандартты себептері бар: нақтырақ айтқанда мемлекеттік сатып алуларды кешіктіріп жүргізу, орындалған жұмыстың құжатына уақтылы қол қоймау секілді шаруалар. Егер қаржыны игермей жатқан ведомстволардың бестігін атар болсам, олар - Мәдениет және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Ұлттық экономика министрлігі және Жоғарғы сот. Тағы қайталап айтамын, 9 айдың қорытындысы бойынша жағдай жақсара түсті. Бұған Қаржы министрлігінің ведомство әкімшілерімен жүргізген жұмысы сеп болып отыр», - деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, осы аптаның сейсенбісінде өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қаражатты игере алмай жатқан әкімдіктерге кезекті рет ескерту жасаған болатын. Үкімет басшысы тоғыз айдың ішінде қаржыны игере алмаған әкімдіктер мен министрліктерге нақты шаралар қолданылатынын айтты.

«9 айдың нәтижесі бойынша қай әкімдік қаржыны игермеді - сол қаражаттың бәрі кері алынады. Алынған ақша басқа әкімдіктер тарапынан жасалған ұсыныстарға беріледі. Яғни, кім игеріп жатыр - соған беріледі. Кім игермеді - олардың бәрінен алынады. Жыл соңына дейін әлі үш ай бар. Әр айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы осылай алынып отырады. Әлихан Асханұлы (Қаржы министрі - авт.), кімдер игермей жатыр - ол мәселені Парламентке бармай-ақ өзіміз шешетіндей мүмкіндік болады», - деген еді Үкімет басшысы.

 

Соңғы жаңалықтар