Әлихан Смайылов: Импортталған көліктің утильалымы мен тіркеу құнын төмендету орынсыз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Импортталған көліктің утильалымы мен тіркеу құнын төмендету орынсыз. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көлікке кәдеге жарату төлемінің мөлшерлемесін төмендетуге қатысты айтсақ, 2016 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін утильалым енгізілді. Сондай-ақ жаңа автомобильдерге салынатын импорттық кеден бажы 30 пайыздан 15 пайызға дейін, қолданылған автомобильдердің кедендік бажы 48 пайыздан 15 пайызға дейін түсірілді. Ол әр көліктің санаты бойынша осы баждың төмендеу сомасынан есептелді. Яғни, нарықта тариф шарттары өзгеріссіз қалды. Оның үстіне алымның бұл түрі отандық өндірістің көліктеріне қолданылмайды. Ал олардың нарықтағы үлесі – 77%.

Дәл осындай утильалым төмендетілген кеден бажын өтеу мақсатымен 2012 жылы Ресей Федерациясында, 2014 жылы Беларусь Республикасында, 2020 жылы Өзбекстанда енгізілді.

Бұған қоса 2022 жылы утильалым мөлшерлемесі 2 есе төмендетілді. Утильалым қаражатын пайдалану арқылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қаржыландыру, автобус паркін жаңарту, ауылшаруашылық техника паркін жаңарту іске қосылды. Сондай-ақ көлік өндірісіне инвестиция салуды тартымды ету үшін утильалым Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін төмендетілген кеден бажын өтейтін тариф ретінде қолданылады. Осының бәрін ескерсек, утильалымның қосымша мөлшерлемелерін әрі қарай төмендету тиім емес», - деп жазады Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бастапқы тіркеу үшін салынатын алым мөлшерлемесін төмендету ұсынысын да орынсыз деп есептейтінін айтады.

«АҚШ ұлттық әкімшілік жол полициясы кейінгі 6 жылда болған жол-көлік оқиғаларына жүргізген талдауға сүйенсек, 3 жыл болмаған көліктердің қауіпсіздігі 4-7 жыл болған көліктерден – 10%, 8-11 жыл болған көліктерге қарағанда – 19%, 12-14 жыл болған көліктерге қарағанда – 32%, 15-17 жыл болған көліктерге қарағанда – 50%, 18-19 жыл болған көліктерге қарағанда – 71%, 20 жылдан асқан көліктерге қарағанда 76% көп.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтағы Ресей, Беларусь және Өзбекстанда бастапқы тіркеу алымының орнына қозғалтқыш көлемі мен шығарылған жылына қарай әртараптандырылған утильалым қолданылады. Осының бәрін ескерсек, шығарылғанына 3 жылдан асқан көліктерге бастапқы тіркеу алымын төмендету тиімсіз», - деп жазады Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр импортталатын көлікті сертификатттау құнын азайту мәселесіне де тоқталған.

«Еуразиялық экономикалық одақ аумағында «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі» туралы техникалық регламент жұмыс істейді. Оның шарттары өндірушілер үшін қатаңырақ та (краш-тестер мен Еуро-5 стандарты), мкөлік импаорттаушы жеке тұлғалар үшін жеңілірек(техникалық байқау мен Еуро-4 стандарты). Бүгінде Кедендік одақтың көлік құралы контрукциясының қауіпсіздігі туралы куәлігінің Қазақстан нарығындағы құны көліктің типі мен санатына қарай (жеңіл көлік, мотоцикл, автбобус, жүк көлігі деген сияқты) 70 мың мен 200 мың теңгенің арасында құбылады. Көлік неғұрлым үлкен болса, бағалау да соғырлым күрделі әрі тегжей-тегжейлі болуы мүмкін. Ол да сертификаттау құнын өсіреді», - деп жазады Үкімет басшысы.

Оның мәліметі бойынша, көлік қауіпсіздігін бағалау процедурасын аккредиттелген сынақ зертханалары жүргізеді.

«Мемлекеттік органдар бағалау тарифін белгілемейді, ал құжаттардың құнын аккредиттелген зертханалардың өздері қояды. Оның үстіне бүгінгі таңда Кедендік одақтың тиісті нормалары бойынша, көлікке шұғыл қызмет шақыру құрылғысын орнату міндетті емес. Осылайша көлік құралын сертификаттау құнын төмендету мүмкін болмайды», - деп жазылған жауапта.


Соңғы жаңалықтар