Әлихан Смайылов Еуропаның IT университеттерін Қазақстанға шақырды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыда өткен «Еуропалық одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьердің айтуынша, цифрландыру – экономиканы дамытудың негізгі драйверлерінің бірі. Қазақстан өзіне еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды.

«Былтыр еліміз Үкіметтер дамуының БҰҰ индексінде 28-ші орынға ие болды. Бұл – өңірдегі және ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстанда цифрлық трансформацияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Біз банк жүйесін құрдық. Цифрлық коммерция да қарқынды дамып келеді», - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашуға дайын екенін жеткізді. Ол Орталық Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Армения, Грузия және Пәкістан елдерін де қамтитын болады.

«Осы тұрғыда Қазақстан «Global Gateway», «Team Europe» жобаларына және Еуропалық одақтың Орталық Азиямен цифрлық байланыс жөніндегі бастамасына белсенді қатысуға дайын. Қазақстан қазірдің өзінде еуропалық спутниктік компанияларға аймақтық хаб құру үшін алаң ұсынды. 2025 жылға қарай біз кем дегенде 100 мың білікті IT-маманын дайындауды жоспарлап отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еуропалық IT университеттерін Қазақстанда өз филиалдарын ашуға шақырамын. Осылайша, Astana Hub технопаркі белсенді аймақ ретінде ыңғайлы алаңға айнала алады», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар