Әлихан Смайылов Елбасы Үкімет отырысында протоколды неліктен бұзғанын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов өткен айдың соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың протоколды бұзуына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің жақынырақ отыруым үшін жасалған жоқ. Бұл, Қаржы министрлігінің мәртебесін көтеру үшін арнайы жасалған болатын. Қаржыландыру мәселесіне лайықты назар аудару төңірегінде болды. Сондықтан Мемлекет басшысы протоколды өзгертіп, Қаржы министрін вице-премьерлерге жақын отырғызу туралы шешім қабылдады», - деді Ә.Смайылов Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатынан кейін.

Сонымен қатар ол сол жиында Елбасы Қытайдың кедендік статистикасы мен Қазақстан статистикасында айырмашылық үлкен екендігін айтқандығын еске салды.

«Мен мұндай айырмашылықтың себептері неде екендігін және не жасағалы жатқандығымызды баяндадым. Алдымызға қойған міндетті орындай алатын болсақ, онда шамамен 200 млрд теңге қосымша түсімді қамтамасыз етеміз», - деді министр.

Естеріңізге сала кетсек, 30 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев протоколды бұзып, үстелдің төмен жағына жайғасқан Қаржы министрін жоғары отырғызған еді.

«Бақытжан (Үкімет басшысы Сағынтаев), Қаржы министрі үстелдің соңында емес, вице-премьерлерден кейін отыруы тиіс. Орны сол жерде. Әдетте, Қаржы министрі Премьер-Министрдің орынбасары болады. Ал, қарашы, сен қайда отырғызғансың? Протоколды кім жасады? Мен қазір протоколды бұзамын», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар