Әлихан Смайылов экономиканы демонополизациялау жұмысын жалғастыруды тапсырды
2022 жылғы 17 мамыр 18:34

Әлихан Смайылов экономиканы демонополизациялау жұмысын жалғастыруды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Бұған дейін жауапты мемлекеттік органдарға салалық объектілер мен ұйымдарды жекешелендірудің негізділігіне, оның ішінде жеке операторларды құру тұрғысынан талдау жүргізу тапсырылған болатын.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бірқатар коммуникациялық, инфрақұрылымдық және өндірістік компанияны мемлекеттік меншікке беру ұсынылды.

Бүгінгі таңда республикалық меншікке бірқатар кәсіпорын мен мекеменің акциялары мен қатысу үлесі қабылданды.

Атап айтқанда, «Көлік сервисі орталығы» АҚ мүлкінің құрамында ұзындығы 250 шақырым болатын 400-ден астам кірме теміржол желілері қабылданды.

Мемлекеттік меншікке ұзындығы 178 шақырым болатын 138 кірме теміржолына иелік ететін тағы 25 компанияны қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған компаниялардың мемлекет меншігіне қабылдануы темір жол инфрақұрылымы саласында делдалдарды болдырмауға және осы қызметтерге бизнес шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ комиссия отырысында Жекешелендірудің кешенді жоспарынан халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін (жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және басқа да коммуналдық қызметтер) 205 объектіні алып тастау мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар комиссия ЖЖМ нарығын, газ саласын және өңірлік электр желілік компанияларды демонополизациялау шараларын қарады.

Премьер-Министр осы бағыттарда жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтауды тапсырды.


Jańalyqtar

MURAǴAT