Әлихан Смайылов: Егін субсидиялары былтырғы көлемінде сақталады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұқым сатып алу, қайта өңдеуге тапсырылатын дақылдар өндіру, су беру бойынша көрсетілетін қызмет құнын субсидиялау былтырғы шамада сақталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов осылай деді.

«Өздеріңізге мәлім, қазір бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс күн санап артып келеді. Сұранысқа сай оның бағасы да қымбаттап барады.Сондықтан ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп ғана қоймай, оның экспорттық әлеуетін де арттыру – аса маңызды мәселе.

Осы тұрғыда көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу керек. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзекті мәселе. Өз кезегінде Үкімет науқандық жұмыстарды қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шешімдерді қабылдады. Биыл осы жұмыстарға 70 млрд теңге бюджеттік кредит бөлінді. Сондай-ақ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы форвардтық сатып алуға арналған қаражатты 80 млрд теңгеге дейін ұлғайтты», - деген Үкімет басшысы республикалық бюджеттен науқандық жұмыстарға тағы 70 млрд теңге бөлінетінін атады.

Яғни мемлекет биыл егістік және оны жинау жұмыстарына барлығы 220 млрд теңгеден астам қаржы бөліп отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 2 есе көп.

«Сонымен қатар тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ін субсидиялау әрі қарай жалғасады.

Тұқым сатып алу, қайта өңдеуге тапсырылатын дақылдар өндіру, су беру бойынша көрсетілетін қызмет құнын субсидиялау да былтырғы шамада сақталатын болады», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар