Әлихан Смайылов ЕАЭО аясында электронды көлік құжаттарына көшуге шақырды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Digital Almaty» форумының пленарлық отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдегі байланыс пен интернеттің сапасын жақсарту мәселесін қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы бүгінде Қазақстанда 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендер кең жолақты интернетпен қамтылғанын атап өтті.

Қалғандары радиорелелік желілер мен төмен орбиталық спутник жүйелерін пайдаланады.

«Байланыс қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін Еуразия экономикалық одағына мүше елдер радиожиілік спектрін синхрондауы қажет деп санаймын. Біз цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін инвестиция тарту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз»,- деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов

Оның айтуынша, бұл аймақтағы барлық елдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Нәтижесінде одақ елдері халықаралық дәліздермен және трансшекаралық ағындармен байланысы бар жоғары жылдамдықты деректерді беру арнасын жасай алады.

«Сонымен қатар трансшекаралық электронды құжат айналымын дамытып, тарату қажет. Атап айтқанда, логистикалық компанияларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Қазақстан электронды көлік құжаттарына көшу жұмысын жүргізіп жатыр. Біз ЕАЭО аясында барлық шетелдік рұқсат бланкілерін электронды форматқа ауыстыруды ұсынамыз»,- деді ол.

Сондай-ақ ол қағаз айналымын жою сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайатып, тауар айналымының ашықтығын арттыратынын атап өтті.

«Ең бастысы, бизнеске өз шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл - ЕАЭО елдерінің өзара сауда саласындағы электронды іс-қимылдың басты бағыттарының бірі болып қала береді. Осы және басқа да мәселелер - цифрландыру саласындағы бірлескен жұмысымыздың маңызды тұсы»,- деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар