Әлихан Смайылов деректерді өңдеу орталықтарын салуды тездетуді тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елімізде деректерді өңдеу орталықтарын салу жұмысының баяу жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның цифрлық-өңірлік хаб атануы бағытында министрлік биыл 1 наурызға дейін тиісті жол картасын әзірлеп, қабылдауы қажет. Қазір «Каспий ВОЛС» және «Батыс-Шығыс» гипермагистралі жобасы аясында Қазақстан арқылы Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстыруға мүмкіндік беретін трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдар салу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Талшықты-оптикалық магистральдар салуды уақтылы аяқтап, деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу трансшекаралық магистральдардың ресурстарын жинақтауға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, жаңа орталықтар әлемдік деректер ағынының 3%-тен 8%-ға дейінгі транзиттік трафигін өңдеуді қамтамасыз етеді.

«Алайда, магистральдар мен деректер орталығын салуға қатысты жұмыстар баяу жүріп жатыр. Заңнамалық реттеу және халықаралық уағдаластыққа қатысты жекелеген мәселелер әлі шешілмеген. Деректерді өңдеу орталығының орналасқан жері мен жұмыс істеу шарттары анықталмаған», - дейді ол.

Осы орайда Әлихан Смайылов аталған мәселені министрге бақылауына алуды тапсырды.

Одан бөлек, Үкімет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына биыл 10 наурызға дейін Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу жөніндегі жобаны қаржыландыруды пысықтау тапсырылғанын айтты.

Бұған дейін Ә. Смайылов мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне қатысты мәселені көтерген еді.


Фото: microsoft.com



Соңғы жаңалықтар