Әлихан Смайылов денсаулық сақтау жүйесіне аудит жүргізуді тапсырды
2022 жылғы 28 қаңтар 17:35

Әлихан Смайылов денсаулық сақтау жүйесіне аудит жүргізуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіндегі және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы (ӘМСҚ) қаражаттың тиімділігін бақылауды үйлестіру және бағалау жүйесін сынға алды.

2021 жылы денсаулық сақтау саласына жұмсалған мемлекеттік шығыстар 2,3 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 2,9%-ын құрады. Бұл ретте денсаулық сақтауға арналған республикалық бюджет қаражатының 90%-ға жуығын ӘМСҚ әкімшілендіреді.

Премьер-Министр ӘМСҚ-ның барлық көрсеткіштері тым жалпыланған екенін және халықтың медициналық көмекке, сондай-ақ оларды қанағаттандыру үшін медициналық ұйымдарға деген нақты қажеттілігін айқын көрсетпейтінін атап өтті.

Осыған байланысты Ә. Смайылов Қор қызметін бақылау мен қаражатты тиімді жұмсау индикаторларының нақты жүйесін әзірлеуді тапсырды.

«Бүгінде өңірлердегі медициналық қызметтердің 100%-ы Қордан қаржыландырылады, бұл халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жауапкершілігінің төмендеуіне алып келеді. Бұл, әсіресе, өткен жылдың соңында Алматы және Жаңаөзен қалаларында жедел медициналық көмек қызметін қаржыландыру және ұйымдастыру мәселелері туындаған кезде орын алды», — деп Ә. Смайылов, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) қаржыландыруды кезең-кезеңімен жергілікті деңгейге бере бастауды тапсырды.

Үкімет басшысы ӘМСҚ мемлекеттік қаражатты әкімшілендіруді біртіндеп тоқтатып, сақтандыру медицинасын дамыту мәселелеріне және қаржыландырудың қосымша көздерін іздеуге баса көңіл бөлуі қажет екенін атап өтті.

Премьер-Министр аз уақыт ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымына тәуелсіз кешенді техникалық аудит және түгендеу жүргізуді, оның ішінде жабдықтармен және медициналық-технологиялық жүйелермен жарақтандыруды, ана мен бала, онкология, травматология, кардио-, нейрохирургия, инфекциялық аурулар сияқты басым бағыттар бойынша өңірлердің медициналық инфрақұрылымын дамыту картасын әзірлеуді тапсырды.

Ә. Смайылов медициналық персоналды дипломнан кейінгі оқыту бағдарламасын әзірлеп, денсаулық сақтау жүйесін заманауи жабдықта жұмыс істей алатын және жаңа технологияларды игере алатын кадрлармен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне уәкілетті органдармен бірлесіп, аз уақыт ішінде саланы басқару, инвестициялық жоспарлау, қаржыландыру және бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Басты міндет – тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру. Барлық ұсыныстар әзірленіп жатқан және жуық арада бекітілетін Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспарына енгізілуі тиіс», — деді Ә. Смайылов.


Jańalyqtar

MURAǴAT