Әлихан Смайылов бюджет қаражатын игере алмаған әкімдіктерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов облыс әкімдіктері мен министрліктердің қаражатты уақытылы игере алмауының себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,3 пайызға, республикалық бюджеттікі 99,4 пайызға және жергілікті бюджеттердің шығысы 97,4 пайызға атқарылды (игерілді). Жыл басынан бері мемлекеттік бюджеттен 12 трлн 352 млрд теңге бөлінген еді. Ал республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 594 млрд теңгеге атқарылды», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Қаржы министрінің айтуынша, биыл игерілмеген қаражат көлемі 50 млрд теңгені құрап отыр.

«Орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу немесе сотта қаралып жатқан істерге байланысты кей жағдайда бөлінген қаражат игерілмей жатыр», - деді ол.

Қаражаттың игерілмеуінің ең ірі сомалары келесі өңірлерде байқалып отыр: Түркістан облысы – 12 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласы – 8 млрд теңге, Шымкент және Алматы қалаларында тиісінше 7 млрд теңге және 6 млрд теңге, Атырау және Маңғыстау облыстарында – 3 млрд теңге.

Соңғы жаңалықтар