Әлихан Смайылов БҚО-дағы күре жолдарды жөндеу қарқынын жеделдетуді тапсырды
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жолдарды жөндеу бойынша барлық қажетті шараны дереу қабылдауды тапсырды.
Осыған байланысты Үкімет басшысы бірінші кезекте 94 мың тұрғыны бар 50 елді мекенді байланыстырып отырған «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолының учаскесіне барды. Жол Қарашығанақ кен орнына дейін жетеді және Ресейге транзиттік дәліз болып отыр. Қазіргі уақытта күре жолдың жағдайы өте нашар, әрі-бері өткен Қазақстан мен басқа да елдердің ондаған мың азаматы жол азабын тартып отыр.
«Күре жолдардың жағдайы – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Биылғы жылы біз бұл жұмыстардың ауқымды бөлігін аяқтауымыз керек. Осыдан үш жыл бұрын басталған бұл жобалар қаржының жетіспеушілігінен бітпей қалды. Биыл жолдарды жөндеуге 15 млрд теңге көзделген, егер жұмыс қарқынын тездетуге техникалық жағдай мүмкіндік берсе, қосымша қаражат бөлуге болады. Бюджетті нақтылау кезінде біз «Подстепное – Федоровка –РФ шекарасы» автомобиль жолына арнайы 6 млрд теңге қарастырдық. Жолдарды жөндеу жұмыстарын 2002-2025 жылдары аяқтау қажет», – деді Әлихан Самйылов.
Үкімет басшысы облыс әкімдігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені бақылауда ұстап, қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан кейін Премьер-Министр өсімдік майы мен күнжара өндіретін кәсіпорын «Пойма май комбинаты» ЖШС-ға барды.
Зауытта 135 адам жұмыс істейді, ал оның өнімі (жылына шамамен 50 мың тонна) тек БҚО-да және көршілес облыстарда ғана емес, сондай-ақ Түркіменстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда, Тәжікстанда және Ресейде сұранысқа ие.
2,8 млрд теңге мемлекеттік қолдау алған кәсіпорын «айналым схемасы» арқылы бағаны тұрақтандыру саясатын іске асыруға белсенді қатысуда, соның арқасында өсімдік майының бағасы айтарлықтай төмендеді.
Жұмыс сапарының келесі нысаны үш ауысыммен оқытуды жою шаралары аясында іске қосылған 300 оқушыға арналған №18 мектеп-бөбекжай-балабақша кешені болды.
«Сонымен қатар облыс балабақшаларында 11 мыңнан астам адам кезекте тұр, алты апатты және үш ауысыммен оқытатын үш мектеп бар. Қосымша білім бойынша мемлекеттік тапсырысқа қаражат бөлінген жоқ. Әкімдік бұл проблемаларды жедел шешуі керек. Жекеменшік балабақшалар көбірек ашылуы керек. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша білімге жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді қамтамасыз ету қажет», – деді Үкімет басшысы.
Одан кейін Әлихан Смайылов «Орал жылыжай кешені» ЖШС қызметімен танысты, оның жобалық қуаты жылына 3 мың тонна қияр мен қызанақты құрайды. Кәсіпорын «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ желісі бойынша 5 млрд теңге мемлекеттік қолдаудың арқасында іске қосылды, нәтижесінде өңірде жылыжай өнімдерін өндіру екі есеге артты.
Осыған дейін Әлихан Смайыловтың Ресеймен транзиттік дәліз болып отырған жолдың жағдайымен танысқанын жазған болатынбыз.