Әлихан Смайылов бизнеске карантиндік шектеулерді жеңілдететін іс-шаралар әзірлеуді тапсырды
2022 жылғы 25 қаңтар 09:32

Әлихан Смайылов бизнеске карантиндік шектеулерді жеңілдететін іс-шаралар әзірлеуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі эпидемиологиялық ахуалды әрі қарай бақылауда ұстау қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлерде коронавирус инфекциясы әлі де өршіп тұр. Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі «қызыл» аймақта. Вирустың ең көп таралуы Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында және астанамызда тіркеліп отыр. Эпидемиологиялық ахуалды әрі қарай бақылауда ұстау қажет», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия «Атамекен» палатасымен бірге Мемлекет басшысының бизнеске арналған карантиндік шектеулерді қайта қарау жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, тисті іс-шараларды әзірлеуі керектігін атап өтті.

«Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туындаған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакциналау және ревакциналау жұмыстарын күшейтуі тиіс», - деген Премьер-Министр жалпы бақылауды орынбасары Ералы Тоғжановқа жүктеді.


Jańalyqtar

MURAǴAT