Әлихан Смайылов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қандай шара қолданылатынын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ленин атындағы шахтадағы шахтерлер қазасынан кейін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қандай шара қолданылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл компания үшін көмір өндіру жөніндегі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа алғаш рет жыл сайын кемінде 150 млрд теңге көлеміндегі инвестицияны көмір өндірісін жаңғыртуға салу қажеттігі туралы қосымша талап жаздық. Сонымен қатар көмір қатпарларын газдандыру үшін 7 млрд теңге салады. Бұрын мұндай болған емес. Жер қойнауын пайдалануға өзге де міндеттемелер қойылып отыр», - деді Әлихан Смайылов Сенаттың жалпы отырысында сенаторлардың сауалына орай.

Осы ретте Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін баса айтты.

«Бұл халықтың ішінде талқыланып жатқан ең өзекті мәселелердің бірі екенін бәріміз білеміз. Қарағанды облысында болған соңғы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды деп айтсақ артық болмайды. Енді осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық іс-шараларды жүзеге асыруымыз керек. Президентіміздің тиісті тапсырмасы бар. Тексеріс жүріп жатыр. Тексеріс нәтижесінде барлық жауапты адамдар, қызметкерлер жауапкершілікке тартылады деп сенеміз», - деді Сенат төрағасы.


Соңғы жаңалықтар