Әлихан Смайылов 3 жылдық бюджетте МӘМС-ке бөлінетін қаражаттың неліктен қысқарғанын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат 50 пайызға артады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу халық үшін базалық медициналық қызметтердің қолжетімділігін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік бергендігін айтты.

Оның айтуынша, қаралып отырған «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында осы салаға арналған 3 жылдық бюджет 537 млрд 888 млн теңгеге азайтылған. Сонымен қатар сенатор 3 жылдық бюджетте медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне арналған шығыстар сомасы да азайтылып қарастырылғанын жеткізді. Мысалы ол шығыстар 2021 жылы – 1 млрд 333 млн теңге болса, 2022 жылы – 1 млрд 211 млн теңге.

«Осыған орай саланы қаржыландырудың төмендеуі, халықтың жеңілдік санаты бар адамдар бөлігіне қалай әсер етеді? Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жөніндегі тапсырмасы қалай іске асырылады?», - деп сұрады ол Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтан.

Сұраққа жауап берген бірінші вице-премьер денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру өте маңызды мәселе екендігін атап өтті.

«Пандемияның алдында, 2019 жылы денсаулық сақтау саласына 1,2 трлн теңге бөлінсе, келесі жылы бұл салаға 1,8 трлн теңге бөлінеді. Яғни, 2 жылдың ішінде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 50 пайызға өсіп отыр. Бұл өсім осы саладағы мемлекеттің барлық міндеттемелерін толық орындауға мүмкіндік береді. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің жалақысын 2,5 есеге көтеру, медицина саласында жаңа нысандар салу, басталғандарын аяқтау, медициналық-санитарлық алғашқы көмек пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру, санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге мемлекеттің әлеуметтік саладағы міндеттемелерін күрт өсіруге жол бермеу керек деп ойлаймыз. Сондықтан 3 жылдық бюджет жоспарланған кезде халықтың 15 санаты бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бөлінетін қаражаты есептегенде халықтың медиан жалақысын есепке алдық. Бұл көрсеткіш халықтың нақты орташа табысы көрсетеді», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар