Әлібек Қуантыров бірнеше өңірдегі инфрақұрылымға қатысты кемшіліктерді айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бірнеше облыста инфрақұрылым тарту саласында не кедергі болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер министрден Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында не себепті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі төмен екенін сұрады.

«Атап айтқанда, бұл өңірлер өздерінің инфрақұрылымын аталған стандарттар деңгейіне жеткізе алмаған. Біз 2025 жылға дейін тиісті стандартқа дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз. Осы орайда өңірлердегі көрсеткіштер бірдей дәрежеге жетеді», - деді Ә. Қуантыров.

Бұл тұрғыда ол үш облыстағы негізгі факторларды атады.

«Онда бірнеше себеп бар. Осы өңірлерде ауылдар көп және олардың біразына тиісті деңгейде назар аударылмаған. Сондықтан аталған стандарт жүйесі аясында әдістеме өзгерді, енді барлығын ескеру керек болады. Әр өңірдегі жағдай өзгеше екені түсініктік. Мәселен, Түркістан облысы аумағында 2 миллионнан астам адам тұрады. Ол жерде ауылдар тым жақын орналасқан. Бір ауылдың өзінде тұрғындар көп болғандықтан, ол елді мекенде инфрақұрылым салу оңайырақ», - деді министр.

«Ал Солтүстік Қазақстан немесе Батыс Қазақстан облыстарыне тоқталсақ, онда ауылдардың арасы алыс болғасын, жол салу немесе инженерлік коммуникациялар тартудың шығыны жоғары. Дегенмен біз жолды салуымыз керек. Осы мәселеде өңірлердің аумақтық құрылымына, климаттық жағдайына және басқа да факторлара назар аударуымыз қажет», - деді Әлібек Қуантыров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өңірлік стандарттар жүйесін өзгеріс енгізіліп, жаңа редакцияда нысандар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді.

2023 жылы өңірлердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 14 облыс орталығында 67 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыруға 42,1 млрд теңге бөлінді.


Соңғы жаңалықтар