Әли Бектаев: Қазақстанда барлық әлеуметтік бюджетті біріктіретін бірегей қор құру қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Әли Бектаев ауыл тұрғындары тап болған әлеуметтік қиындықтарлы тізе келе Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.⠀

Депутаттар бүгінге дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған 10 триллион теңгеден астам қаржыны тиімді пайдалану жайында өз ойларын ортаға салды. Қазіргі таңда 1988 жылдың 1 қаңтарында жұмыс өтілі 25 жылға толған ер азаматтарға және 20 жылға толған әйелдерге тапқан орта табысының 60 пайызын зейнетақы ретінде төлеу тәртібі қарастырылған. Мұның өзі ауылдықтардың көпшілігіне берілмейтін болып шықты. Себебі, ауыл шаруашылығы жұмыстарының негізінен маусымдық болуына байланысты көп еңбеккерлердің жұмыс өтілі 20-25 жылға жетпейді.

Сенатор Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы тұжырымдамасының жобасымен мұқият танысып, одан ешқандай жаңалық көрмегенін атап өтті. Онда тек кепілдендірілген төменгі зейнетақы деген ұғым енгізілген көрінеді. Сонда ауылдағы зейнеткерлер сол төменгі зейнетақымен қала беретін болады. Сенатор мұндай тұжырымдаманы мүлдем қабылдауға болмайды деп есептейді.

«Жаңа қабылданатын тұжырымдама, ауыл зейнеткерлерінің зейнетақысын көтерудің, ауыл еңбеккерлерінің зейнетақы жинақтарын көбейтудің жолдарын қарастыратын, сол ауылдардың зейнетақы қаржыларының сақталуын кепілдендіретін құжат болуы керек деп ойлаймын», – деді Әли Бектаев.

Сенатор Қазақстанда жаңа әлеуметтік саясат енгізу керек деп санайды. Ол саясат негізінен балаларды қорғауға және қолдауға бағытталуы керек.

«Балалар – біздің болашағымыз. Егер біз бүгін оларға ең төменгі кедейлік шегінің 70 пайызына тең әлеуметтік жәрдемақы беріп келсек, онда ертең олардан Отанға деген патриотизм мен сүйіспеншілікті талап етуге ешқандай құқығымыз болмайды», – деді депутат.

Сенатор Әли Бектаев мемлекет балаларға арналған барлық жәрдемақыларды жинақтап, балалардың әрқайсысын, тұрмыстық жағдайына қарамай, туғаннан 18 жасқа толғанға дейін кепілді және міндетті түрде әлеуметтік қолдаудың жаңа стандарттарын енгізуді ұсынып отыр. Ол «бала капиталы» деген атаумен арнайы карточкалар арқылы әр баланың қажетіне ғана жұмсалуы тиіс.

«Балалардың үйдегі жағдайын қалыптастыру мақсатында өмірге отбасыларды сүйемелдеу институтын, отбасының саулық индексін, отбасылардың әлеуметтік карталарын енгізу сияқты шаралар қабылдануы керек деп ойлаймыз. Әсіресе, қазақстандықтарды қалалық, ауылдық деп бөлмей, оларға әлеуметтік кепілдіктерге бірдей жағдай туғызу мақсатында барлық әлеуметтік бюджетті біріктіретін бірегей әлеуметтік қор құру қажет. Оған барлық мемлекеттік, атқарушы органдар мен квазимемлекеттік корпорациялар және холдингтердің, демеушілік танытатын кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін жұмылдырудың маңызы зор», – деді Әли Бектаев.

Депутат сауалының соңында әрбір қазақстандық өмірлік сапаның ең жоғары стандарттарына лайық екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар