Алғыс айту күніне орай ақмолалықтарға құрт үлестірілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алғыс айту күні қарсаңында Көкшетау қаласында «Алғыс айтамын» акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шара – достыққа, толеранттылыққа, барлық адамдарға құрмет көрсетуге тәрбиелейді және ақмолалықтар арасында танымал болып келеді. Мұның маңыздылығын жас ұрпақ та түсінеді. Мереке қарсаңында облыс орталығында Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айтамын» акциясы басталды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, акцияны «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша өкілдігі облыстық жастар ресурстық орталығымен және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырды.

Акция барысында ұйымдастырушылар қала көшелерінде адамдарға жақындап, қолында шар тәрізді құрт жасырып, оларға жұдырықтарын тигізуді ұсынды. Өз кезегінде өтіп бара жатқан адамдар да жауап ретінде жұдырықты тигізген кезде алғыс ретінде ашық алақанда арнайы оралған құрт алды.

Сонымен қатар, тұрғындар алдағы Алғыс айту күні туралы пікірлерін айтып, мереке қарсаңында өздерінің тілектерін жеткізді.

«Әрине, бұл күні біз ата-аналарымызға, достарымызға, жақын адамдарымызға алғыс айтамыз. Алғыс айту- өте жақсы іс. Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде Қазақстан үшін ең қиын сәттерде өз өмірлерін қатерге тіге отырып, өзімізді қауіпсіз сезінуге мүмкіндік берген құқық қорғау органдарына ерекше алғысымды білдіргім келеді», - деп атап өтті облыс орталығының тұрғыны Данияр.

Шара аясында көкшетаулықтарға 500 дана құрт таратылды. Акция бір апта бойы жалғасады.



Соңғы жаңалықтар