Алғыс айту күні Шымкентте бір апта бойы аталып өтіледі
Шараны ұйымдастырушылардың сөзінше, елді бірлікке үндейтін мерекенің түпкі мәні - кезінде түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа алғыс айтуын көздейді. Апталық мерекені жер-жерлерде ұйымдастыру мен өткізудің тұжырымдамасы әзірленіп, әр күнге арнайы атаулар берілген.
Мәселен, 22 ақпан - Қайырымдылық күні болса, 23 ақпан - Тазалық күні ретінде өтеді. 24 ақпан - Көршіге ізет күні, 25 ақпан - Ұстазға құрмет күні, 26 ақпан - Тарихқа тағзым күні, 27 ақпан - Ықылас күні, 28 ақпан - Ұрпақтар сабақтастығы күні, 1 наурыз - Алғыс айту күні болмақ.
«Апталық іш-шаралар бүгін «Қайырымдылық күнімен» бастау алды. Қазақстан халқы Ассамблеясының Қайырымдылық керуені шеңберінде «Сыбаға» іс-шарасы өткізілді. Қалалық ассамблея мен түрік этномәдени бірлестігі ірі қараны құрбандыққа шалып, еті ұлттық дүниетанымымызға сәйкес жеті түрлі азық-түлікпен толықтырылып қадірлі қарияларға, абзал аналарымызға, жас отау иелеріне барлығы 40-тан астам отбасыға сыбаға ретінде үлестірілді. 23 ақпан - Тазалық күні ретінде белгіленсе, 24 ақпан - «Көршіге ізет күні» күнінде өтетін іс-шаралар елді берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа жетелеп, көршілер арасында өзара түсіністік пен құрметті қалыптастыруды көздейді»,- дейді Мұратәлі Қалмұратов.
Бұл күні сондай-ақ, Сайрамдағы өзбек этносының белді азаматтары көршілес Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе, Тоғыс, Бадам, Қарабастау тұрғын алаптарының абзал қарияларын, абыройлы азаматтарын сыйлы қонақ ретінде шақырып, ізетін көрсетпек.
Фото: shymkent.gov.kz