Алғыс айту күні: Мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 1 наурыз Алғыс айту күніне орай Алматыда «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Башқұрт ұлтының өкілдері 1 наурыз Алғыс айту күнін ерте тойлап бастады.

Олар алғыс айтуды тек мерекеге орай ғана емес күнде жүзеге асыру керек деп санайды.

Бүгін орталықта қайырылмылық жәрмеңкесі өтті. Башқұрт ұлтының өкілдері жәрмеңкеге қолөнер, аспаздық өнімдері, тағы басқа өнімдері шығарып, жәрмеңкеден түскен қаражатты науқас бала тәрбиелеп отырған жалғыс басты екі анаға қылдай бөліп берді.

«Біз үшін Алғыс айту күні тағы бір рет бас біріктіріп, пікірлесетін күн. Өткенімізге бір саралау жасап, бүгінімізді бажайлайтын күн. Бүгін біздің бірлестікте Павлодар облысында балаларды КамАЗдан қорғаған полиция қызметкерлері келді. Оларға құрмет көрсеттік. Қасымыздағы Әзербайжан орталығы өздерінің депортацияға ұшыраған қайғылы өткенін еске алды. Олар қазақ ұлтының кеңдігін айтып, қиын сәтте бір үзім нанын бөліскені үшін алғыс білдірді. Қазақстан немістер мен казак, кәріс ұлты үшін екінші Отаны десе де болады. Өйткені, олар зорлықпен көшіп келгенде құшақ жайып қарсы алған қазақ ұлты болатын. Ал башқұрт ұлты мен қазақ қоңсы қонған халықтар. Біздің салт дәстүріміз, тарихымыз ұқсас. Бірақ біз аса бір қатты айырмашылықты сезбейміз. Қазақтар біз үшін бауырымыз сияқты. Алғыс айту күнінде көпшілігі қазақ ұлтына дархандығы мен пейіліне рахмет айтады. Бұрынғы азапты тарихын еске алады», - деді «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Закир Бекмұхаметов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен халықтың пейілінің арқасында Қазақстан жері көп халыққа Отан болып отыр.

«Елбасы ҚХА төрағасы болып сайланды. Мен бұл органның жұмысын былай бағалай аламын. Мен башқұрт елінің өкілі Қазақстанда өз тілімде сөйлеп, өз дінімді ұстанып, білім алып, мәдениетімді сақтай аламын. Жұмыс істеп, отбасымды асырай аламын. Мен үшін осы ең басты жетістік. Ешкім ешкімге бұл елде қысым жасамайды. Болашақта да осы бірлігімізді сақтап қалайық дегім келеді», - деді Закир Бекмухамбетов.

Айта кету керек, жылда 1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күні аталып өтіледі.


Соңғы жаңалықтар