Алғыс айту күні - киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында «Мың алғыс» атты қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Концерт алдында «Қымыздан қуат алған біртұтас ел» атты бірегей көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар көпшілік назарына Ботай мәдениетінің экспозициялары ұсынылды. Көрме барысында жиынға келгендер өнімді ұзақ сақтауға арналған ыдыстарға құйылған қымыздың дәмін татты. Бұл өнімдерді Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарының тауар өндірушілері таныстырды.

Сонымен қатар концерт алдында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс айту күніне орай құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті отандастар! Бүгін біз ерекше мереке - Алғыс айту күнін атап өтудеміз. Бұл халқымыздың қиын-қыстау заманда танытқан мейрімділігінің ешқашан ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні - біздің ортақ тарихымызға білдірген құрмет, барша қазақстандықтардың өз үйіне айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылығы», - деп атап өтілген Елбасы құттықтауында.

Осы орайда Президент Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, еліміздің айрықша татулық пен келісім моделі қалыптасқанын жеткізді.

«Қазіргі кезде біз ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асырудамыз, халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде кешенді шаралар қабылдаудамыз. Ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты ешқашан жойылмайтын адами құндылықтар әрқашан біздерді біріктіріп, ойымызға еліміздің ортақ болашағына қатыстылық пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Қазақстандықтардың қазіргі буыны, әсіресе жастар, дана тарихымызды білуі және есте сақтауы керек. Тарихтың тағылымы мен дана сабақтары шынайы патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетеді. Әрқайсымыздың жүрегімізді біздің ортақ жетістігіміз - өркендеуші Қазақстан үшін мақтаныш пен ризашылық сезімі керней берсін! Баршаңызды осы тамаша мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр қазақстандық отбасына бақыт мен құт-береке, татулық пен өркендеу тілеймін!», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Айта кетейік, Алғыс айту күнін мерекелеу аясында елімізде 1 570-ке жуық түрлі мәдени-көпшілік және қайырымдылық іс-шаралары өтеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мәліметіне қарағанда, осы шаралармен 3,5 мың елді мекен қамтылды. Осы орайда мұқтаж жандарға, көпбалалы аналарға, жетімдерге 126 млн теңгеге көмек көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар