Алғашқы жеке ғарыш миссиясы ХҒС-ға жетті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - SpaceX зымыран тасығышымен орбитаға ұшырылған Axiom коммерциялық аэроғарыш компаниясының Endeavour ғарыш капсуласы Халықаралық ғарыш станциясымен (ХҒС) сәтті түйісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Бұл - бірнеше жылдан кейін өзінің орбиталық станциясын салуды жоспарлап отырған компанияның ХҒС-ға алғашқы толықтай жеке миссиясы.

Ұшқыш пен үш жолаушыдан тұратын Axiom-1 экипажы бірнеше сағаттан кейін ХҒС бортына өтіп, онда 8 күн болады. Жолаушылардың әрқайсысы миссияға қатысу үшін 55 миллион доллардан төлеген. Олар жай ғарышқа саяхаттаушылар ғана емес, станцияның ғылыми әлеуетін пайдаланып, бірнеше тәжірибе жасау үшін ұшып барды.

Миссияны NASA-ның бұрынғы астронавты Майкл Лопес-Алегрия басқарады. Сондай-ақ, америкалық кәсіпкер және ұшқыш Ларри Коннор, израильдік филантроп және инвестор Эйтан Стиббе мен канадалық кәсіпкер, инвестор және филантроп Марк Пэти қазір орбитада.

Еске сала кетейік, америкалық ғарыш кемесінің ХҒС-ға алғашқы жеке миссиясы басталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар