Алғашқы жартыжылдық көрсеткіштері экономиканың қалпына келе бастағанын айғақтайды

None
None
АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Халықаралық валюта қоры сарапшыларының мәліметі бойынша,  соңғы айларда әлемдік экономикада ақырындап болса да тұрақтылық көрсеткіштері байқала бастаған. Мәселен, ағымдағы жылдың екінші тоқсанын қорытындылау барысында Еуропа елдерінің ішінде Германия мен Францияның экономикалық жағдайы құлдыраудан біршама айыға бастағанын көрсеткен. Ал Азия елдері бойынша экономикасының «жаны сірі» саналатын Қытайдан басқа, жапон елі де өз экспортында сәл‑пәл қозғалыс біткеніне шүкіршілік айтып, алдағы күнге үмітпен қарайлай бастағандай. Бірақ, бұндай тұрақтылықтың алғашқы белгілері тек санаулы ғана мемлекеттерде, дағдарысқа қарсы бағдарламасы тиімді  әсер берген елдерде ғана байқалғандай болып отыр.

 Ал негізінен әлемдік экономикада ойып тұрып орын алатын алып державаларда (ең алдымен АҚШ пен Ресейде) макроэкономикалық көрсеткіштер әлі де  жағымсыз сипатта тұр әрі жақын аралықта ондай көрсеткіштердің оңалатын түрі көрінбейді де. Сондықтан да, бірсыпыра мемлекеттерде тұрақтылық нышаны сезіле бастағанымен, оның өзі  әлемдік экономиканың оң дамуына  еш әсер бермейді. Оның үстіне ғаламдық сипатқа еніп, батпандап кірген дағдарыс дауылынан кейін бұрынғы қалпына түсу қай мемлекетке болса да көп күш‑жігер мен біршама мезгілді қажет ететіні айқын. 

Елімізге келетін болсақ, Үкіметтің алғашқы жарты жылдық  қорытындыларына сәйкес, Қазақстан экономикасы сыртқы әсерлерге төтеп бере алатынын дәлелдеп отыр деп айтуға болады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың сөзімен айтқанда: «бірінші жарты жылдықта Қазақстан экономикасының даму көрсеткіштері өзінің құлдырау шегіне жетіп, ендігі күні қалпына келу сатысына шыға бастады». Яғни, министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың алты айындағы қорытынды бойынша тұрақтану белгілері ең алдымен өнеркәсіпте байқалып отыр. Мәселен,  наурыз айында өндіріс көлемінің құлдырауы өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 7,4 пайыз болса, маусым айында 7 пайыз өсумен алмасқан. «Жарты жылдықта негізгі капиталға салған инвестицияның өсуі 7,3 пайыз деңгейінде болды, ол негізінен көлік және байланыс, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларындағы инвестиция көлемінің өсуіне байланысты болды», деді министр.

Әлемдік жағдайға байланысты үстіміздегі жылдың басынан бері Қазақстан экономикасының болашағына түрлі жорамалдар жасалғаны белгілі. Бірақ қаржылық‑экономикалық саясаттың, дер кезінде атқарылған тұрақтандыру жоспарының нәтижесінде ондай болжамдар тек болжам күйінде ғана қалды. Ең бастысы, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы тиімділігімен қоса, өзінің өміршеңдігін де танытып отыр. Сондай‑ақ Үкімет ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша нақты ЖІӨ‑нің құлдырауына жол берген жоқ. Есесіне, екінші тоқсанның аяғына таман өндірістің құлдырау қарқыны бәсеңдеп, экономика өсімінің оң қорытындысы байқалды. Мәселен, ағымдағы жылдың маусым айында экономика өсімі өткен жылдың маусымына қарағанда 1,4 пайызды құраған. Сонымен бірге, 2008 жылмен салыстырғанда биылғы жылдың қаңтар‑маусым айларында бірқатар жетекші салалардың көрсеткіштері оң сипатқа ауа бастады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы өсім -  2,7 пайызға, тау‑кен өндірісі саласы -  1,8 пайызға, мұнай өнімі -  3,6 пайызға, табиғи газ өндіру ‑ 4,5 пайызға, байланыс қызметі ‑ 3,6 пайызға артқан. Осының өзінен Үкіметтің тұрақтандыру жоспары нақты жемісін бере бастағанын көрсетеді.

 

Экономиканың нақты секторын дамыту қорытындылары да біршама жайтқа көз жеткізеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында алғашқы жартыжылдықта жалпы өнім ауқымы 329,1 млрд. теңгені құраған. Оның үстіне, жұртшылықтың негізгі азық‑түлікке сұранысы отандық өндіріс тарапынан қанағаттандырылып отыр. Яғни, қазіргі күні еліміздің азық‑түлік қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Сондай‑ақ, экономиканың негізгі секторын құрап келген құрылыс саласына да жан біте бастады. Үкімет үлескерлердің мәселесін сатылап шешумен қатар, алдағы уақытта аталған саланың тиімді дамуын толық бақылауға алатын болады.  Жыл басындағы жағдай бойынша ең үлкен қауіп болып саналған жұмыссыздықтың алдын алуда да ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізіліп отыр. Ағымдағы жылдың алты айындағы мәліметтер бойынша республика экономикасында   7,9 млн. адам тартылған, бұның өзі былтырғы жылғы кезеңмен салыстырғанда 0,4 пайызға артық көрсеткіш. Мауысым айындағы жұмыссыздар саны 565 мың адамды құрады.

Сонымен бірге, қаржылық‑банктік жүйе де қалпына келе бастады. Ең бастысы жұртшылықтың мемлекет қолдауына ие болған банктерге деген сенімі жоғалған жоқ. Теңгені девальвациялау мәселесі де Үкімет пен Ұлттық банк ұстанған саясаттың дұрыстығын көрсетіп келеді. «Ұлттық банктің ақпан айында жүргізген теңгені девальвациялау моделі посткеңестік  кеңістіктегі жүргізілген басқа моделдермен салыстырғанда өзінің дұрыстығын дәлелдеді деп есептеймін. Егер сол кезде мұндай батыл іс-қимыл жасалмағанда, онда ел экономикасы өсімінің нәтижелері мүлдем басқаша болар еді», деді Премьер-Министр бірінші жарты жылдық қорытындыларына арналған Үкімет отырысында. Үкімет басшысының пайымдауынша, теңге құнсыздандырылмағанда, онда көптеген көрші елдердің тауарлары Қазақстан аумағында үстемдік құрған болар еді. Ондай жағдайда ешқандай да экономикалық өсім жайлы айту мүмкін болмас еді.  Девальвация елдегі инфляция деңгейіне де соншалықты әсер еткен жоқ. Бағалардың өсімі кейбір тауарларда байқалғанымен, оның көлемі айтарлықтай болмаған. Жалпы ағымдағы жылғы шілде айының аяғында соңғы 12 айлық инфляцияның деңгейі 6,9 пайызды құрады. Бұл 2008 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 1,5 есеге төмен. Ал орташа жылдық инфляция 7,7-7,9 пайыз аралығында  бағаланып отыр.

Жалпы,  Үкіметтің бірінші жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жағымды цифрлармен өрнектелді. Үкіметтік тұрақтандыру жоспары тиімді жұмыс істеп отырғанын дәлелдеді. Ендігі міндет - бұдан кейінгі экономиканың өсімін қамтамасыз ету.  Премьер-Министр К. Мәсімов өсімді қамтамасыз ету тұтастай Үкіметтің, соның ішінде облыс әкімдерінің негізгі міндеті екенін атап көрсетті. «Жыл соңында оң нәтижеге қол жеткізу үшін, осы жылдың ішінде қабылданған шешімдерді соңына дейін атқару маңызды. Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасы бойынша қабылданған шаралар екінші жарты жылдықта оң нәтиже бере бастады. Дегенмен де, Үкіметте кез‑келген жағдайға әзір тұратын екі сценарий болуы шарт.  Атап айтқанда, экономикалық даму одан әрі біртіндеп қалпына келе бастаса, онда біз барлық ресурстарды Елбасы айқындаған индустриялы‑инновациялық дамуға, ауыл шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымды дамытуға бағыттайтын боламыз. Ал аяқ астынан дағдарыстың тағы бір толқыны туындай бастаса, онда біз өзіміз құрған дағдарысқа қарсы бағдарламаны жалғастыратын боламыз. Яғни, даму деңгейін одан әрі қамтамасыз ете отырып,  кез‑келген оқыс жағдайға қарсы әрекетіміздің дайын болуы шарт», деді К. Мәсімов.

Соңғы жаңалықтар